Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жобалық кеңсе отырысында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың құқықтық мәртебесі талқыланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимі енгізілді. Ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жалдамалы жұмысшы ұстамайтын және айлық табысы 300 АЕК-тен аспайтын азаматтарға арналған. Бұл режим бойынша тек 4% көлемінде әлеуметтік төлем төленеді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері жаңа режим бойынша 688,8 мың адам тіркелген. Оның ішінде 546,4 мың азамат бұрын ешқашан кәсіпкер ретінде тіркелмеген.
Осылайша, жарты миллионнан астам адам алғаш рет ресми жұмыспен қамту және салық жүйесіне қосылды.
Отырыста өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың құқықтық мәртебесін заңнамалық тұрғыда нақтылау мәселесі де қаралды. Бұл өзгерістерді келесі жылы жаңа салық режимінің нәтижелері сараланғаннан кейін қайта қарау жоспарланып отыр.