Өскеменде жасөспірім жүргізген жеңіл көлік жол апатына ұшырап, екі кәмелетке толмаған жолаушы қаза тапты. Тағы бір жасөспірім ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қайғылы оқиға 17 шілдеде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, рөлде отырған кәмелетке толмаған жүргізуші көлікті басқара алмай, жол бойындағы кедергіге соғылған. Соққыдан кейін көлік аударылып, өртеніп кеткен.
“Жол апаты салдарынан көліктегі екі жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды”, – деп хабарлады облыстық ПД өкілдері.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі («Жол жүрісі қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Оқиғадан кейін Өскемен қаласының прокуратурасы ата-аналарға үндеу жасап, балаларға автокөліктің кілтін бермеуге және олардың рөлге отыруына жол бермеуге шақырды. Бұл қайғылы жағдайдың алдын алудың ең маңызды жолдарының бірі екені атап өтілді.