homepage
pexels.com

Қазақстанда көлеңкелі экономикамен күрестің жаңа жоспары бекітілді

21.07.2026, 09:23

Үкімет 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы кешенді іс-қимыл жоспарын бекітті. Құжатқа Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды,  деп хабарлайды Juzmedia.kz

Жоспардың негізгі мақсаты – көлеңкелі экономиканың үлесін азайту, бизнестің ашықтығын арттыру, адал бәсекелестікті дамыту және кәсіпкерлерге қосымша әкімшілік жүктеме түсірмей, бюджет кірісін ұлғайту.

Үкіметтің мәліметінше, соңғы жылдары қабылданған шаралардың нәтижесінде көлеңкелі экономиканың үлесі 2019 жылғы жалпы ішкі өнімнің 24%-ынан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 16,7%-ға дейін төмендеген. Енді бұл көрсеткішті 2028 жылға қарай 13,8%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Жоспар аясында мемлекеттік органдардың деректерін біріктіретін және жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын бірыңғай цифрлық мониторинг платформасы іске қосылады. Бұл жүйе тәуекелдерді ерте анықтап, бюджетке залал келтіретін заңбұзушылықтар мен құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Кешенді жоспар экономикадағы тәуекелі жоғары салаларды қамтитын 53 іс-шараны көздейді. Атап айтқанда, сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларын цифрландыруға басымдық беріледі.

Сондай-ақ Digital Bazaar электрондық платформасын дамыту, міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін кеңейту, электрондық коммерцияны жетілдіру және «Цифрлық теңге» жобасын мемлекеттік бағдарламаларда қолдану аясын ұлғайту жоспарланған.

Үкімет жаңа жоспар бизнесті жүргізуге қосымша талаптар енгізбейтінін атап өтті. Негізгі басымдық цифрландыру, процестерді автоматтандыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға берілмек.