Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында Қазақстан мұнайын тиеп жатқан NELSA танкеріне дронмен шабуыл жасалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ҚР Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, 19 шілдеден 20 шілдеге қараған түні КТК терминалында жүк тиеп тұрған танкерге ұшқышсыз ұшу аппараты соққы жасаған. Соның салдарынан кемеде өрт шыққан. Алайда өрт жедел сөндіріліп, зардап шеккендер тіркелмеген. Сондай-ақ мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеген.
Қазір мамандар кеменің техникалық жағдайын және шабуылдың салдарын бағалап жатыр. Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумымен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді.
КТК мәліметінше, дрон танкердің оң жақ артқы бөлігіне, қондырма мен машина бөлімінің арасына тиген. Соның салдарынан палуба мен ішкі бөліктерде өрт шыққан. Өрт бірнеше сағат ішінде танкер экипажы мен консорциумның апаттық қызметтері тарапынан толық сөндірілді.
Халықаралық экипаждың 22 мүшесі қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Тек кеме капитаны мен оның аға көмекшісі кемеде қалып, танкердің жүзу қабілеті сақталған. Оқиғадан кейін мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды.
Каспий құбыр консорциумы бұл оқиғаны азаматтық инфрақұрылымға жасалған кезекті шабуыл деп бағалап, КТК-ға мүше мемлекеттерді халықаралық құқық аясында мұндай әрекеттерді айыптап, мұнай экспорттау инфрақұрылымын қорғау бойынша нақты шаралар қабылдауға шақырды.
КТК Қазақстан үшін неге маңызды?
Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнайын экспорттайтын негізгі бағыттардың бірі. Ұзындығы шамамен 1,5 мың шақырым болатын құбыр арқылы елдің мұнай экспортының шамамен 80 пайызы тасымалданады. Бұл бағытпен негізінен Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының мұнайы жеткізіледі.
Ал Новороссийск маңындағы теңіз терминалы әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 1 пайызын қамтамасыз етеді.
Соңғы айларда бірнеше шабуыл тіркелді
Бұл – КТК терминалындағы алғашқы оқиға емес. 19 шілдеде дәл осы терминалда Қазақстан мұнайын тиеп жатқан ASIA және NISSOS IOS танкерлеріне дрондар шабуыл жасаған болатын. Сол кезде де өрт шыққанымен, экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ және мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеді.
Бұған дейін 18 шілдеде Nordic Zenith танкеріне, ал 2026 жылдың қаңтарында Delta Harmony, Matilda және Yasa Polaris танкерлеріне де шабуыл жасалған еді.
Осы оқиғалардан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Энергетика министрлігі азаматтық кемелерге жасалған шабуылдарды елдің экономикалық мүдделеріне қарсы әрекет деп бағалап, мұндай шабуылдарды дереу тоқтатуға шақырған болатын. Бүгінгі оқиға КТК терминалындағы бірнеше күн ішіндегі кезекті шабуыл болып отыр.