Цифрландыру күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бүгінде мобильді байланыс пен интернет тек байланыс құралы ғана емес, мемлекеттік және қаржылық қызметтерді пайдалану, қашықтан оқу, жұмыс істеу, онлайн сауда жасау және басқа да цифрлық сервистерге қол жеткізу үшін қажет негізгі инфрақұрылым саналады. Сондықтан мобильді интернеттің қолжетімділік деңгейі халықтың өмір сүру сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің біріне айналды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Finprom зерттеуіне сүйенсек, елімізде телекоммуникациялық инфрақұрылым қарқынды дамып, оған инвестиция көлемі артып, интернет желісінің қамту аумағын кеңейтуге бағытталған мемлекеттік шаралар жүзеге асырылып жатқанымен, мобильді интернеттің қолжетімділігі өңірлер арасында әлі де біркелкі емес.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының іріктемелі зерттеуіне сәйкес, 2026 жылы Қазақстандағы үй шаруашылықтарының 96,7 пайызы мобильді интернетке қол жеткізе алады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 96,2 пайыз болған.
Ресми деректерге сүйенсек, мобильді интернет еліміздегі әрбір дерлік отбасында бар. Алайда жоғары орташа көрсеткіштің астарында өңірлер арасындағы елеулі айырмашылық сақталып отыр.
Мобильді интернет ең қолжетімді өңірлер
100 пайыздық көрсеткіш бірден төрт өңірде – Абай, Атырау және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында тіркелген. Дегенмен бұл мәліметтер шамамен 12 мың үй шаруашылығы қамтылған іріктеулі сауалнама нәтижесіне негізделгенін ескерген жөн.
Орташа республикалық деңгейден жоғары көрсеткіш Маңғыстау, Қарағанды, Алматы, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында да байқалады.
Цифрлық алшақтық сақталған өңірлер
Ең төмен көрсеткіштер Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген.
Әсіресе Ақмола облысындағы жағдай ерекше назар аудартады. Мұнда үй шаруашылықтарының небәрі 81,2 пайызы ғана мобильді интернетке қол жеткізген. Яғн,и өңірдегі әрбір бесінші отбасы мобильді интернетсіз отыр. Бұған байланыс қызметінің қымбаттауы, тарифтердің өсуі, тұрғындардың бір бөлігінде заманауи мобильді құрылғылардың болмауы және кейбір елдімекендегі желі қамтуының жеткіліксіздігі себеп болуы мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 86,8 пайызды, ал Батыс Қазақстан облысында 90 пайызды құрайды.
Орташа республикалық деңгейден төмен көрсеткіш Қызылорда, Қостанай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Жетісу облыстарында да тіркелген. Бұл өңірлерде мобильді интернетке қолжетімділік деңгейі 90-96,6 пайыз аралығында.
Өңірлер арасындағы айырмашылық сақталып отыр
Нәтижесінде көшбасшы және ең төмен көрсеткішке ие өңірлер арасындағы айырмашылық шамамен 19 пайыздық тармаққа жетеді. Бірқатар өңірде мобильді интернет барлық дерлік үй шаруашылығына қолжетімді болса, кейбір облыстарда отбасылардың 20 пайызға жуығы әлі күнге дейін оған қол жеткізе алмай отыр.
Осылайша, ресми статистика бойынша елдегі мобильді интернеттің орташа қолжетімділік деңгейі жоғары болғанымен, цифрлық теңсіздік мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуда тек қамту аумағын кеңейтумен шектелмей, өңірлер арасындағы алшақтықты азайтуға басымдық беру қажеттігін көрсетеді. Соның нәтижесінде Қазақстанның барлық өңіріндегі тұрғындар цифрлық қызметтерге тең дәрежеде қол жеткізе алады.