homepage
Ақорда

БЖЗҚ шегі көтерілер алдында жинағын тұрғын үйге жұмсауға асыққандар көбейді

20.07.2026, 14:57

2026 жылдың маусым айында Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны айтарлықтай артты. Бір ай ішінде ел бойынша 39 053 тұрғын үй мәмілесі тіркеліп, бұл мамыр айымен салыстырғанда 28,4%-ға, ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,4%-ға көп болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сарапшылар мұндай өсімді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеткіліктілік шектерінің өзгеруімен байланыстырып отыр.

AERC сарапшыларының пікірінше, көптеген азамат жаңа ереже күшіне енбей тұрып, зейнетақы жинағының артық бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланып қалуға тырысқан.

Мамандардың айтуынша, соңғы айларда жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесі кеңінен талқыланып, тұрғындардың зейнетақы жинағын пайдалануына қызығушылығы артқан. Себебі жаңа шектер енгізілгеннен кейін кейбір азаматтардың тұрғын үй сатып алуға пайдалана алатын қаражаты азайды.

Соған қарамастан, сарапшылар тұрғын үй бағасы күрт төмендейді деп болжам жасамайды. Өйткені нарыққа құрылыс құнының жоғары болуы, мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар және сапалы баспананың шектеулі ұсынысы әлі де ықпал етіп отыр.

Еске салсақ, мамыр айында да қазақстандықтар зейнетақы жинағын тұрғын үйге пайдалану бойынша ерекше белсенділік танытқан. Сол кезде 119,1 мың өтініш орындалып, азаматтарға 117,8 млрд теңге берілген. Бұл сәуір айымен салыстырғанда шамамен екі есе көп болған.

Айта кетейік, БЖЗҚ жақында жеткіліктілік шектерін есептеудің жаңа әдістемесін жариялады. Енді есептеу кезінде салымшының жасы, күтілетін өмір сүру ұзақтығы, болашақ зейнетақы жарналары және болжамды инвестициялық табыс ескеріледі. Соның нәтижесінде көптеген қазақстандық үшін тұрғын үйге алуға болатын зейнетақы жинағының көлемі қысқарды.

Дереккөз: finratings.kz