2026 жылғы 2 қыркүйектен бастап №81/82 Нұрлы жол – Орал бағытындағы Тальго пойызының құрамына әйелдер вагоны қосылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, жаңа вагон жолаушылар тарапынан сұраныстың артуына байланысты енгізіліп отыр.
№81/82 пойызы Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалы мен Орал қаласы арасында қатынайды. Пойыз күнара жүреді және жол бойында тоғыз станцияға тоқтайды.
Жаңа вагон іске қосылғаннан кейін Қазақстанда әйелдер вагоны қызмет көрсететін бағыттар саны 13-ке жетеді.
Қазір мұндай вагондар Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Семей, Маңғыстау, Атырау, Павлодар, Түркістан және Орал бағыттарындағы бірқатар пойызда қарастырылған.
Әйелдер вагонында ересектердің еріп жүруімен жеті жасқа дейінгі ер балалардың жүруіне рұқсат етіледі.
Билеттерді теміржол кассаларынан немесе bilet.railways.kz ресми сайты арқылы сатып алуға болады. Онлайн рәсімдеу кезінде әйелдер вагонын білдіретін «ӘЙ» белгісіне назар аудару қажет.
Айта кетейік, жолаушыларды тасымалдау қағидаларына сәйкес, пойыз билеттері жөнелту күніне 45 тәулік қалғанда сатылымға шығарылады.