homepage
Juzmedia.kz

Зейнетақы жүйесінде не өзгереді: 2027 жылдан қандай кепілдік жойылады

20.07.2026, 11:45

Қазақстанда зейнетақы жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңі басталады. 2026 жылдың қыркүйегінен бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары өздерінің зейнетақы жинағының 100 пайызын жеке инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына бере алады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазір қолданыстағы тәртіп бойынша салымшылар жинақтарының тек белгілі бір бөлігін ғана жеке компанияларға бере алады. Ал биыл 7 шілдеде қабылданған заңға сәйкес бұл шектеу алынып тасталады.

Осылайша, азаматтар инвестициялау стратегиясын өздері таңдай алады. Яғни тәуекелі төмен, бірақ табысы тұрақты бағытты немесе тәуекелі жоғары болғанымен кірісі көбірек болуы мүмкін инвестициялық құралдарды таңдауға мүмкіндік алады.

Мемлекет қандай кепілдікті сақтайды?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекет міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша қорға нақты аударылған қаражаттың сақталуына кепілдік беруді жалғастыратынын мәлімдеді.

Алайда 2027 жылдан бастап қазіргі қолданыстағы тағы бір мемлекеттік кепілдік күшін жояды.

Бұған дейін зейнеткерлікке шыққан азаматтарға зейнетақы жинағының инвестициялық табысы инфляция деңгейінен төмен болған жағдайда айырмашылық бюджет есебінен өтелетін.

Жаңа реформаға сәйкес мұндай өтемақы төленбейді.

Министрліктің түсіндіруінше, азаматтар жинағын жеке басқарушы компанияларға өз еркімен сеніп тапсыратындықтан, олардың инвестициялық шешімдерінің тәуекелін мемлекет бюджет қаражаты есебінен өтеу экономикалық тұрғыдан дұрыс емес.

Жеке басқарушы компанияларға талап күшейеді

Сонымен қатар жеке инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың жауапкершілігі күшейтіледі.

Егер олардың басқаруындағы қаражат теріс табыс көрсетсе, айырмашылықты компаниялар өз капиталы есебінен өтеуге міндетті болады.

Бұдан бөлек, мұндай ұйымдарға қатаң талаптар қойылады. Атап айтқанда:

  • меншікті капиталы кемінде 1,9 млрд теңге болуы;
  • инвестициялық қызмет бойынша жеткілікті тәжірибесінің болуы міндеттеледі.

Ұлттық банк негізгі басқарушы болып қала береді

Министрліктің мәліметінше, зейнетақы активтерінің басым бөлігін бұрынғыдай Қазақстан Ұлттық банкі басқара береді.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, Ұлттық банк зейнетақы қаражатының сақталуын қамтамасыз етіп, ұзақ мерзімді табыстылықтың инфляция деңгейінен жоғары болуына ұмтылады.

2028 жылға дейінгі стратегиялық жоспар бойынша Ұлттық банктің мақсаты – зейнетақы активтерінің табыстылығын инфляция деңгейінен кемінде 1 пайызға жоғары деңгейге жеткізу.

Бұл қаражат әртүрлі қаржы құралдарына, оның ішінде шетелдік активтерге де инвестицияланады.

Валюталық активтердің үлесі кемінде 30 пайыз деңгейінде сақталады.

Зейнетақы жүйесі қалай өзгереді?

Еңбек министрлігі зейнетақы жүйесін одан әрі реформалау мәселесі де қаралып жатқанын хабарлады.

Арнайы жұмыс тобы бірнеше модельді талқылауда. Оның ішінде:

  • әлеуметтік сақтандыру зейнетақы компонентін енгізу;
  • «4+1» моделін қарастыру;
  • 40 жылдық еңбек өтіліне негізделген есептеу жүйесіне көшу;
  • Сингапур тәжірибесін зерделеу.

Реформаның негізгі мақсаты – азаматтарға өмір бойы төленетін зейнетақы жүйесін қалыптастыру және жоғалған табыстың кемінде 40 пайызын өтеуге мүмкіндік беру.