homepage
Depositphotos.com

7,5 млрд теңге айналымы бар онлайн-казиноның қызметі тоқтатылды

20.07.2026, 09:37

Қазақстанда 7,5 млрд теңге айналым жасаған заңсыз онлайн-казиноның қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті хабарлағандай, «Nomad Poker» атты онлайн-казино «Club GG Poker» мобильді платформасы арқылы жұмыс істеген. Оның қызметін Қазақстан азаматтары Грузия аумағынан ұйымдастырған.

Ведомство мәліметінше, мұндай схема ұйымдастырушылардың жеке басын жасыруға, ақша қозғалысын бақылауды қиындатуға және шетел азаматтарының атына рәсімделген банк шоттары мен байланыс құралдарын пайдалануға мүмкіндік берген.

Заңсыз ойын платформасы тәулік бойы жұмыс істеп, қатысушыларға онлайн-покер ойнап, ақша тігуге және ұтысты қолма-қол ақшаға айналдыруға жағдай жасаған. Жаңа ойыншыларды тарту үшін әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен түрлі жарнамалар пайдаланылған. Нәтижесінде платформаға 20 мыңнан астам адам тіркелген.

Тергеу барысында ұйымдастырушылардың үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк шоттарын пайдаланғаны анықталды. Осы мақсатта Қазақстанға шетел азаматтары арнайы шақырылып, олардың атына 400 АҚШ долларына дейінгі сыйақыға банк карталары мен мобильді банкинг рәсімделген.

ҚМА мәліметінше, онлайн-казино жұмысына 60-тан астам дроп-шот пайдаланылған. Ал ойыншылардан түскен қаражаттың жалпы көлемі 7,5 млрд теңгеден асқан.

Сот санкциясымен Алматы қаласындағы пәтерге, үш автокөлікке және дропперлердің банк шоттарындағы 158 млн теңге көлеміндегі қаражатқа тыйым салынды.

Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.