homepage
Фото: ЖИ

Номофобия - цифрлық дәуірдің қаупі

19.07.2026, 17:51

Джорджия университетінің ғалымдары 6 жыл бойы 10 мыңнан астам жасөспірімдерге (10 жасынан бастап) зерттеу жүргізіп, елең еткізерлік жаңалық ашты. Ғалымдардың айтуынша, күн сайын 2 сағаттан артық әлеуметтік желіні қолданған жасөспірімдердің сөздік қоры азайып, кітап оқу дағдысы дұрыс қалыптаспайды. Тіпті сол балалар кітаптағы немесе дәптердегі мәтінді оқуға және дұрыс сөйлеуге келгенде де қиналады. Әлеужеліні жиі қолданатын балалардың қандай да бір мәтінге назарын жинақтауы да ойланарлық мәселе. «Себебі, адамның миы бұлшық ет тәрізді. Оны белгілі бір бағытта жаттықтыра берсең, сол бағыттағы қабілетің дамиды. Егер бала күніне 6 сағат уақытын әлеуметтік желілерді көруге жұмсаса, оның миы да осы бағыттағы белсенділігіне қарай бейімделеді» дейді Journal of Research on Adolescence журналында жарияланған зерттеудің жетекші авторы Кори Карвалью. Джорджиялық ғалымдар баланың сөздік қорының азаюы мен оқуға қатысты проблема мектептегі үлгерімі мен болашақтағы білім алуына жағымсыз жағынан әсер ететінін айтады. «Сол себептен, әр балаға күн сайын 2 сағаттан артық әлеуметтік желіге кіруге рұқсат бермеген дұрыс. Әсіресе, ұйқыға жатарда бала планшет ұстамағаны абзал. Бала үлкейгенше смартфон сатып әперудің қажеті жоқ. Баламен байланысып отыру үшін интернетке қосылмаған жай телефонды қолына беріңіздер» дейді ғалымдар.

Жаңа жаһандық қауіп

Дүйім жұрт телефонға телмірген заманда номофобия деген қауіптің жаңа түрі пайда болды. «no mobile phone phobia» - «ұялы телефоннан айрылып қаламын ба деген қорқыныш» деген қалыптасқан сөздің қысқаша атауы. Кейбір зерттеуші-ғалымдар мұндай жүйке жүйесінің бұзылуын герпетофобия (жыланнан қорқу), арахнофобия (шаяннан қорқу), биікке шығудан қорқу, шектеулі кеңістіктен үрейлену сияқты фобиялармен қатар қояды. Өйткені, номофобиямен ауыратын адамдардың да бойында жүйкенің дірілі, қатты терлеу, тыныс алудың қиындауы, жедел ашушаңдыққа бой алдыру сияқты дерттің белгілері байқалады. 

2023 жылы Канада мен Бахрейн ғалымдарының бірлескен зерттеуінің қорытындысы шығып, сарапшылар номофобияның жаһандық мәселеге айналғанын жазды. Осы зерттеуге қатысқан 12,5 мың адамның 71 пайызы бірыңғай номофобияның белгілерін өз бойларынан байқағанын, ал 21 пайызы қуатты номофобияның тасқынынан зор күйзеліске ұшырайтынын ашық айтыпты. Әсіресе, мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері номофобия деген құбыжықтың алақанында қалып қойған. Тіпті, Айова университетінің ғалымдары номофобияның деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін диагностика әдісін ойлап тапты. Негізгі 20 сұраққа дұрыс, ашық жауап берген адам өзінің қаншалықты номофоб екенін біледі. 

Жаһанторда неше сағат отыруға болады?

Әр адам қазір күн сайын кем дегенде 3-5 сағат смартфонына телміреді. Бонн университетінің ғалымдары жүргізген зерттеудің нәтижесі осындай. Әлбетте, мұндай цифрлық тәуелділіктің денсаулығымызға, өмір сүру дағдымызға кері әсер ететінін анық. Виртуалды қарым-қатынастың шектен шығуы адамдарды шынайы өмірден алыстатқаны өз алдына, тіпті ол депрессия мен эмоционалдық тұрғыдан жүйкені тоздыру синдромына шалдықтырады. Сол себептен психологтар әр адамға аптасына бір рет digital detox жасап тұруға кеңес береді. Яғни, аптаның бір күнін смартфонсыз өткізу деген сөз. Әсіресе, ұйқыға жатарда телефонды өшіріп, басқа бөлмеге апарып тастау бәрінен маңызды. Өйткені, бәріміз күн сайын ұйқыға жатарда немесе ұйқыдан ояна сала көзімізді сығырайтып смартфонды қосып, мессенджерлерге кіреміз. 

Еуропалық медициналық орталықтың психологы Валерия Мощняцкая номофобия – цифрлық тәуелділіктің көп түрлерінің бірі екенін айтады.

«Кез-келген тәуелділік сияқты, ол адамның бойында үрей туғызып, соматикалық дене күйінің бұзылуына (бас ауырады, ұйқы қашады, ағза шаршайды, теріге бөртпе шығады, ас қорыту бұзылады, сексуалдық қызығушылық жойылады) әкеліп соғады. Мысалы, АҚШ-та 2012 жылы мұндай диагноздан тұрғындардың 77 пайызы зардап щексе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 90 пайызға жетті. Адамның өзінің қалтасындағы ұялы телефонынан айрылмай жүргенінен ешқандай қауіп жоқ сияқты көрінеді. Алайда, оған тәуелділік барлық жағынан өнімділіктің, белсенділіктің төмендеуіне әкееледі. Адамның ментальдық ахуалы нашарлап, қолындағы телефонымен өз өміріне қауіп төне бастайды. Мысалы, автокөліктің рөлінде отырып телефонын шұқылайды, бағдаршамнан өткенде де құрылғыдан көзін алмайды» дейді ол.

Неміс психологы Джейн Макгонигал технологияларды қолдану әрқайсымызға қуаныш пен қанағаттанарлық көңіл-күй сыйлағанның орнына қауіп төндіріп отырғанына қынжылады.

«Бұл жердегі ең күрделі мәселе – кәмелет жасына толмағандардың гаджеттерге тәуелділігі. Америкалық ғалымдар жуырда мынадай жаңалық ашты: күн сайын смартфоннан кем дегенде 2 сағат бейнежазба көрген 3 жасқа дейінгі балалардың сөздік қоры нашар қалыптасады. Бұл экспериментке 300 ата-ана қатысты. Зерттеуден анықталғанындай, әр бала бейнежазбаны көп көрген сайын, тілі де кеш шыққан, есту мен қабылдау қабілеті нашар дамыған» дейді ол. 

АҚШ ғалымдары балалардың және ересектердің күн сайын қанша сағат интернетте отыруға болатынын есептеп көрген. Олар 3 жасқа толмаған баланың қолына ешқандай смартфон беруге болмайтынын айтады. Ал 3-6 жас аралығындағы балаларға күніне әр кетсе 40 минут-1 сағат уақыт ұстатуға болады. Ересектерге де цифрлық құрылғыларды көру уақыты көп емес: 4-5 сағат. Қазіргі кезде смартфонға тәуелділікті есірткіге тәуелділікпен бір қатарға қоюға болады. Өйткені, ғылымда дәлелденгендей бар ой-санасымен смартфонға «кіріп кеткен» адамның ми қауашағы есірткі тұтынушылар мен виртуалды ойындарға тәуелділердің зардап шегетініндей белсенді күйге түседі. Бұл күй біздің күнделікті әдетіміздің қаншалықты қаупі барын ойлануға жетелейді. Әлбетте, смартфонның өзі – бүгінгі таңда өмірімізді жеңілдеткен, ілім-білімге жол ашқан қуатты құрал екені даусыз. Бірақ, кез келген құралдың пайдасы оны қалай қолдануға байланысты. Номофобия деген бәледен аулақ болайын десеңіз, күн сайын үйде я болмаса жұмыс орнында телефоныңызды 1 сағатқа өшіріп, айналаңыздағы басқа нәрселерге көңіл бөліңіз. Онсыз да өміріңіз шуақты, шырайлы екенін сезінесіз. Сол да жетерлік.

Смартфон сырқатқа шалдықтырады

Қазақстанда 4,1 миллионнан астам оқушы бар. Отандық офтальмолог-дәрігерлер мектеп оқушыларының 70-80 пайызының көру қабілеті төмен екенін анықтады. Бұл – ұлт саулығы мен білім сапасына тікелей әсер ететін фактор. Осы көрсеткішпен көп ұзамай жапон, кәріс ұлтын қуып жетеміз. Балалар арасында көз ауруларының белең алуына көзге түсетін салмақтың көбеюі себеп болып отыр. Көз аурулары туа бітті және жүре келе пайда болады. Статистикаға үңілсек, еліміздегі әрбір бесінші бала алыстан көре алмайды (миопия). Былтыр British Journal of Ophthalmology журналында жарық көрген зерттеу авторлары 2050 жылға қарай бірнеше миллиондаған бала миопияға шалдығады деген деректі жария етті. Әсіресе, Азия елдеріндегі көрсеткіш алаңдатады: Жапонияда балалардың 85 пайызында, Оңтүстік Кореяда 73 пайызында, Қытайда 41 пайызында миопия бар. Ұлыбритания мен АҚШ-та бұл көрсеткіш 15 пайыз, ал Парагвай мен Угандада 1 пайыз.  Балалар 7-8 жаста мектепке баратын Африка елдерінде миопия аз кездеседі. Зерттеуге алты құрлықтағы 50 елде тұратын 5 миллион бала қатысқан. 

Жоғарыда тек көзге қатысты ғана мәліметті келтірдік. Кіндігі гаджетке «байланып» туатын бүгінгі Z ұрпақтың смартфонды ұзақ ұстауы салдарынан көру ғана емес, сөйлеу, есту, есте сақтау, ойлау қабілеті нашарлап барады. Дүниеге келе сала планшетпен немесе телефонмен өскен бала айналасына назар аудармайды. Себебі оған жылаған кезде анасы өз омырауын немесе емізік емес, смартфон берген. Ондағы радиотолқындар миының тектоникасын зақымдайды. Баланың бас сүйегі ересектерге қарағанда жұқа, миы көп су сақтайды, сондықтан микротолқындарды көбірек сіңіреді. Сол сәтте қатты соққы алған мидың қызметі бұзылып, тілі кеш шығады. Мұндай бала айналасындағы адамдарға енжар, икемсіз, құлықсыз болып өседі. Ең қорқыныштысы - гаджетті қолдану кезінде баланың ағзасында дофамин (рахат гормоны) көп түзіліп, ол – тәуелділік туғызады. 

Төлен ТІЛЕУБАЙ