Актриса Меруерт Өтекешова әйгілі «Қыз Жібек» фильмінде киген қамзолдың қайтадан өз қолына тигенін хабарлады. Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желіде айтып, тарихи жәдігерді елордадағы ірі музейлердің біріне табыстауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«56 жыл өтті. Осы камзолды Баян Мақсатқызының маған бергеніне разымын. Міндетті түрде камзолды Астананың үлкен музейіне тапсырамын», – деді актриса.
Еске салайық, биыл 17 сәуірде продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желіде «Қыз Жібек» фильміндегі қамзолды сыйлық ретінде алғанын жариялап, оны киіп түскен суреттерін бөліскен болатын. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, көпшілік тарихи әрі мәдени құндылығы жоғары жәдігердің жеке қолға өтуіне наразылық білдірді.
Кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі фильм реквизитінің жеке меншікке қалай өткенін анықтау үшін тексеру жүргізілетінін хабарлаған.