Баспаналы болу – әлі күнге дейін қазақстандықтардың басындағы ең басты мақсаттың бірі. Бірақ пәтер ала салу оңай шаруа емес. Бағаның өсуі, үйдің сапасы тәрізді мәселе көп. Сарапшылар осы жылы да үй бағасы көтерілуі мүмкін дейді. Тұрғын үй нарығынан не күту керек? Баспана алуға көмектесетін ипотекалық бағдарламалар қандай? JuzMedia назарларыңызға тұрғын үй нарығына қатысты шолуын ұсынады.
ҮЙ БАҒАСЫ КӨТЕРІЛЕ МЕ?
Сала мамандары жыл сайын баспана бағасы инфляция бойынша 10%-ға өседі деп мәлімдейді. Яғни биыл да тұрғын үй бағасы өседі. Әдетте пәтер бағасының өзгеруіне әсер ететін бірнеше фактор бар.
Оның бірі – заңнамалық өзгерістер. Биыл коммерциялық тұрғын үйге қосылған құн салығын енгізбекші. Яғни құрылыс компаниялары төлеуі керек салық өседі. Бұл дегеніміз құрылыстың құны, одан кейін баспана бағасы да өседі. Мемлекет саладағы нарықты реттеу үшін заң жобасына өзгерістер енгіземіз дейді, бірақ түбінде ол қарапайым халықтың қалтасына теріс әсер етіп жатыр.
Екінші бір себеп – құрылыс материалдарының бағасы. Шетелдік валюта бағамы көтеріліп жатыр. Ал доллар құны өскен сайын шетелден келетін құрылыс материалдары да қымбаттайды. Өкінішке қарай, Қазақстанда барлық құрылыс материалдары өндірілмейді. Үйдің негізін қалауы үшін керек кірпіш, цемент тәрізді шикізат елімізде шығарылғанмен, ішкі әрлеуге керек материалдар көрші елдерден әкелінеді. Бизнес, элит санаттағы тұрғын үйлерге негізінен сырттан әкелінетін құрылыс материалдары қолданылады.
ҮЙДІ ҚАЙ КЕЗДЕ САТЫП АЛУ КЕРЕК?
Сарапшылардың кеңесіне сүйенсек, үй сатып алуға ең ыңғайлы кезең – қазір. Мүлік бағасы қымбаттап жатқандықтан тым кейінге қалдыра бермеу керек. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, еліміздегі ең қымбат пәтерлер Астана және Алматы сияқты ірі қалаларда. Одан кейінгі орындарда Шымкент пен Қарағанды. Ал пәтер бағасы ең арзан қала – Орал.
Баспана алуға асыққандар қатары да азаяр емес. 2024 жылдың соңындағы дерекке сүйенсек, бір ғана Алматыда қарашада қазан айымен салыстырғанда 803 пәтерге көп сатылды және сатып алынды. Бір айда сұраныс 2,6%-ға өсті.
Жеке тұрғын үйлерді сатып алу-сату саны бойынша Алматы облысы көш бастап тұр (1022 мәміле). Ал жалпы бір жыл ішінде транзакциялар саны 24,3%-ға өсті.
Бұл ретте жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде нарықтағы жағдайды мұқият зерттеп, тиянақты шешім қабылдаған жөн. Ол үшін қазір нарықтағы ипотекалық бағдарламаларды талдап шықтық.
«7-20-25»
Бұл бағдарламаға 2025 жылы қаржы көлемі шектелді. Биыл 100 млрд теңге бөлінді, бұған дейін қаражатында шектеу болмаған. Бағдарлама шарты бойынша 15-25 млн тг тұратын баспаналарды сатып алуға болады. Бірақ нарық мамандары шын мәнінде пәтер бағасы әлдеқайда қымбат екенін айтады.
Шарты:
* Пайыздық мөлшерлеме — 7 %.
* Бастапқы жарна — 20 %-дан бастап
* Несие мерзімі — 25 жылға дейін
Астана, Алматы, қала маңайы және Шымкент, Ақтау, Атыраудан пәтерді 25 млн теңгеге, Қарағанды мен Түркістанда 20 млн теңгеге, ал өзге өңірлерде 15 млн теңгеге табуға болады.
«7-20-25» бойынша Халық, ЦентрКредит, Еуразия, RBК, Forte, Altyn, Freedom Financе бағдарламалар ұсынады.
Ерекшелігі: Банкке өтініш бергенде баспана болмауы керек және құрылысшы компаниядан пайдалануға берілген, жаңа пәтер сатып алынуы тиіс.
«НАУРЫЗ», «ОТАУ»
2025 жылы бұл ипотекалық бағдарламалар бірдей шартпен жұмыс істейді.
Шарты:
* Пайыздық мөлшерлеме — 9 %.
* Бастапқы жарна — 20 %-дан бастап
* Несие мерзімі — 19 жылға дейін
Бірақ ескеретін маңызды тұсы бар. 9% деген бәс барлығына бірдей емес. Әкімдікте кезекте тұрған, әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтар 7%-бен ала алады. Бірнеше жылдан кейін бұл мөлшерлеме 4%-ға дейін төмендеуі мүмкін.
«Наурыз», «Отау» бағдарламасы аясында Астана мен Алматыдан 36 млн теңгеге дейін, ал өзге аймақтарда 30 млн теңгеге дейін пәтерлер алуға болады. Алғашында бағдарлама шарттары әртүрлі еді, кейінірек бірдей болды. Отбасы банкінің түсіндіруінше, алдағы уақытта да осылай қала беруі мүмкін.
Ерекшелігі: Банкке өтініш берген азаматтың және оның жұбайында соңғы бес жылда баспана болмауы керек. Ал Отбасы банкінде 1 млн теңге жиналған депозит болуы тиіс, мерзімі маңызды емес.
Бірінші нарықтан да, қайталама нарықтан да пәтер, тіпті жер үй де сатып алуға болады. Оның ішінде бірінші нарықтан ірі қалалардан, ал қайталама нарықтан ауылдар мен моноқалалардан ала аласыз.
«ҰМАЙ» НЕМЕСЕ ӘЙЕЛДЕРГЕ АРНАЛҒАН ИПОТЕКА
Шарты:
* Пайыздық мөлшерлеме — 14,1 %, ол 3,5-5%-ға дейін түсуі мүмкін.
* Бастапқы жарна — 15-20 %-дан бастап
* Несиенің ең көп мөлшері — 50 млн-ға дейін
* Қатысушылар табысы – 900 мың тг
* Ипотека мерзімі – 25 жылға дейін
Ерекшелігі: Бұл бағдарламаның ең басты ерекшелігі – ресми табысы бар (950 мың теңгеге дейін) әйелдерге арналған ипотека. Бірақ баспана болмасын деген талап жоқ. Яғни екінші-үшінші пәтер ала алады, зейнетақы жарнасын пайдалануға да рұқсат бар.
«Ұмай» бағдарламасы аясында 2025 жылы депозиттегі сыйақы мөлшеріне де қарайды, сол арқылы конкурстан өтіп кету мүмкіндігі үлкен. Болашақ қатысушылар қазірден депозит ашып, дайындала берсе болады.
«ЖАСЫЛ ИПОТЕКА»
Шарты:
* Бастапқы жарна — 20%-дан бастап
* Мерзімі — 25 жылға дейін
* Несиенің ең көп мөлшері — 50 млн-ға дейін
Ерекшелігі: Баспана болмасын деген талабы жоқ, екінші-үшінші пәтер сатып ала беруге болады. Бірақ тек ӨМІР/ ГОСТ Р/ BREAM/ LEED деген сертификаты бар, белгілі бір тұрғын үй кешендерінен ғана үй алу керек.
ОТБАСЫ БАНКТІҢ ИПОТЕКАЛАРЫ
Отбасы – мемлекеттік банк, коммерциялық банктен айырмашылығы жинақтау жүйесімен жұмыс істейді. Бұл жүйенің басты ерекшелігі – алдымен белгілі бір қаражат жинап алу керек. Сонда нарықпен салыстырғанда пайыздық мөлшерлемесі төмен несие алуға болады. Ипотекалық борыштардың негізгі түрлері:
Тұрғын-үй – алдымен пәтер құнының жартысын жинап алу керек, сонда жылдық мөлшерлемесі 3,5-5% болады.
Аралық – әйгілі «50/50» бағдарламасы. Оның мәні – адам пәтер құнының жартысын әкеліп құяды банкке, банк оған ипотека береді. Пайыздық мөлшерлемесі – 6-8,5%. Үш жылдан кейін 3,5-5%-ға дейін төмендеуі мүмкін.
Бірінші нарықтан да, қайталама нарықтан да пәтер сатып алуға болады. Баспана болмасын деген талабы жоқ.
КОММЕРЦИЯЛЫҚ БАНКТЕГІ ИПОТЕКАЛАР:
Коммерциялық банктер де қазір белсенді түрде ипотека береді.
Шарттары:
* Пайыздық мөлшерлеме – 0,1-ден 21%-ға дейін жетеді
* Мерзімі – 6 айдан 20 жылға дейін
* Бастапқы жарна – 20%-дан басталады.
Бірақ бастапқы жарна орнына қосымша кепілдік сұрайтын бағдарламалар да бар.
Бірінші нарыққа арналған ипотеканы Еуразия, Altyn, Halyk, ЦентрКредит, Фридом Банк Казахстан, ForteBank, Отбасы банктері береді.
Ал қайталама нарыққа арналған ипотеканы Altyn, Halyk, Банк ЦентрКредит, Фридом Банк Казахстан, ForteBank, Нурбанк, Отбасы банктерінен алуға болады.
Көпшілік банктер бастапқы жарна кем дегенде 20% болуын сұрайды, Форте банк 15%, ал Нұрбанк 30%. ЦентрКредит банкінде бастапқы жарнасыз ипотека рәсімдеуге болады, бірақ ол кезде қосымша кепілдік ұсыну керек.
Ең төменгі пайыздық мөлшерлеме:
- Отбасы банкінде – 3,5%-10%. Басқа банктерде 17,2-19,5%-ға тең.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.