homepage
Фото: FIFA

60 жылдан кейінгі медаль

19.07.2026, 09:54

Бүгін түнде Англия құрамасы араға 60 жыл салып барып, жаһан жарысында алғаш рет медаль алып отыр. Олар Францияны 6:4 есебімен жеңіп, 2026 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Майамидегі «Хард Рок Стэдиум» аренасында өткен бұл кездесу қос құраманың ашық футбол ойнауының арқасында мундиал тарихындағы ең нәтижелі әрі ең көп гол соғылған (10 гол) және драмаға толы матчтардың біріне айналды. Бірінші таймды ағылшындар ойынды өте қарқынды бастады. 3-минутта Деклан Райс қашықтан соққы жасап есеп ашса, 18-минутта оның бұрыштамадан асырған пасынан кейін Эзри Конса есепті еселеді. Бұдан соң Букайо Сака 37 және 45+1 минуттарда екі гол соғып, Англия үзіліске үлкен басымдықпен шықты. Есеп 4:0.

Екінші таймда Франция құрамасы атқа қонды. Дидье Дешам үзілісте төрт ойыншыны қатарынан ауыстырып, тактиканы өзгертті. Нәтижесінде Килиан Мбаппе 48 және 66 минуттарында қос гол соқса, 54 минутта жас шабуылшы Брэдли Барколя есеп айырмасын ең төменгі шекке дейін қысқартты. Есеп 3:4.

Ойынның соңында 87-минутта Букайо Сака пенальтиді дәл орындап, хет-трик авторы атанды. Есеп 3:5. Төреші қосқан қосымша уақытта (90+6') Усман Дембеле есепті тағы да жақындатқанымен (4:5), 90+8 минутта қосалқы құрамнан шыққан Джуд Беллингем керемет голмен матчтың нүктесін қойды. Есеп 4:6.

Франция капитаны Килиан Мбаппе бұл матчта соққан екі голының арқасында әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. Ол Лионель Мессидің рекордынан асты және осы турнирде 10 гол салып, «Алтын бутсы» жарысында жеке дара көш бастады. Ал Букайо Сака болса, әлем чемпионаттары тарихында Франция қақпасына хет-трик жасаған екінші ойыншы атанды. Оған дейін бұл жетістікке тек 1958 жылы бразилиялық аңыз Пеле ғана қол жеткізген. Бұл матч Франция құрамасын 14 жыл бойы басқарған Дидье Дешамның бас бапкер ретіндегі соңғы ойыны ретінде тарихқа енді.

Ал ағылшындар үшін бұл қола жүлде олардың 1966 жылғы чемпиондықтан кейінгі әлем біріншіліктеріндегі ең үздік көрсеткіші болып тіркелді. Бұл жеңістің соңғы 60 жылдағы ең үздік нәтиже деп аталуының басты себебі Англия құрамасының әлем чемпионаттары тарихында 1966 жылдан кейін алғаш рет медаль жүлделі орын еншілеуі. Өйткені ағылшындар футболдың отаны саналғанымен, мундиалдар тарихында олардың жетістіктері өте аз. Англия өз тарихында тек бір-ақ рет 1966 жылы өз үйінде өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған. Содан бері дәл 60 жыл өтті. Осы 60 жыл ішінде Англия құрамасы екі рет жартылай финалға жетіп (1990 жылы Италияда және 2018 жылы Ресейде), бірақ екеуінде де 3-орын үшін матчта жеңіліп, 4-орынға тұрақтаған болатын. Сондықтан биылғы чемпионатта Францияны жеңіп алған қола медаль ағылшындардың 1966 жылғы чемпиондықтан кейін мундиалдарда қол жеткізген алғашқы ресми жүлдесі болып отыр. Әрі футбол сарапшылары мен жанкүйерлер бұл қола жүлдені Англия үшін соңғы алпыс жылдағы ең үлкен тарихи табыс және ондаған жылға созылған «қарғыстың бұзылуы» деп бағалап жатыр.

Бекәлі Жәдік