homepage
© Ezra Shaw - FIFA / Contributor

Футболдан әлем чемпионатының жеңімпазына қанша ақша беріледі

18.07.2026, 11:19

ФИФА 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының рекордтық жүлде қорын жариялады. Турнирге қатысатын құрамаларға жалпы 655 млн доллар төленеді. Бұл 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатындағы көрсеткіштен 50%-ға көп, деп хабарлайды Juzmedia.kz

The Athletic басылымының жазуынша, биылғы әлем чемпионаты тарихтағы ең ауқымды турнир болмақ.

Біріншілікте алғаш рет 48 ұлттық құрама бақ сынап, матчтар саны да артты.

Жүлде қоры мынадай тәртіппен бөлінеді:

  • 1-орын – 50 млн доллар;
  • 2-орын – 33 млн доллар;
  • 3-орын – 29 млн доллар;
  • 4-орын – 27 млн доллар;
  • ширек финалға шыққан командалар – 19 млн доллардан;
  • 1/8 финалда жолы кесілген құрамалар – 15 млн доллардан;
  • 1/16 финалда турнирден шыққан командалар – 11 млн доллардан.

Әлем чемпионатына қатысатын 48 құраманың әрқайсы кемінде 10,5 млн доллар алады. Топтық кезеңнен аса алмаған командаларға 9 млн доллар жүлде және турнирге дайындық шығындарын өтеуге тағы 1,5 млн доллар беріледі.

Бұл қаржы ұлттық футбол федерацияларына аударылады. Ал федерациялар қаражаттың қандай бөлігін футболшылар мен жаттықтырушыларға беретінін өздері шешеді. Қалған қаржы, әдетте, елдегі футболды дамытуға жұмсалады.

ФИФА алғаш рет 48 құрама қатысқан әлем чемпионатынан 10 млрд доллардан астам табыс түседі деп күтеді. Осылайша, жүлде қоры турнирдің жалпы кірісінің шамамен 6,5%-ын құрайды.

Салыстыру үшін, 2022 жылғы әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Аргентина құрамасы 42 млн доллар алған. Бұл жолы әлем чемпионының жүлдесі 8 млн долларға көбейіп отыр.

Ал турнир жеңімпазы ақшалай жүлдемен қатар, алтын медаль және чемпиондық сақиналар алады. ФИФА әлем чемпионаты тарихында алғаш рет чемпион команда ойыншылары мен жаттықтырушылар штабының өкілдеріне 30 естелік сақина табыстамақ. Әр сақинада әлем чемпионаты кубогының шағын бейнесі мен арнайы жазу болады.

Финал 19 шілдеде өтеді. Сол матчтан кейін турнирдің үздік ойыншысына «Алтын доп», үздік қақпашысына «Алтын қолғап», ал үздік сұрмергеніне «Алтын бутсы» табысталады. Бұл жеке марапаттар үшін ақшалай сыйақы қарастырылмаған.