homepage
фото ашық дереккөзден

Ұлытауда алимент төлемей, букмекерлікке миллиондап ақша салғандар анықталды

18.07.2026, 10:37

Ұлытау облысында алимент бойынша қарызы бола тұра, букмекерлік платформаларға ақша жұмсаған 22 борышкер анықталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Облыстық прокуратура хабарлағандай, тексеру барысында аталған азаматтардың балаларына алимент төлемей, букмекерлік шоттарын толықтырып, бәс тіккені және ұтыс алғаны белгілі болған.

Мысалы, борышкерлердің бірі алимент бойынша 3,9 млн теңге қарыз болған. Алайда ол 2020 жылдан бері букмекерлік кеңседегі шотына 4,6 млн теңге салып, 3,1 млн теңге көлемінде ұтыс алған. Бұл қаражат балаларын асырауға жұмсалмаған.

Осы фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес, балаларын асырауға арналған қаражатты төлеуден жалтару дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Прокуратура балаларды асырау ата-ананың заңмен бекітілген міндеті екенін еске салды. Табысты жасыру, алимент төлеуден жалтару немесе қаражатты баланың мүддесіне қайшы пайдалану заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін.