homepage
Ақмола облысының әкімдігі

Көбейтұз көлі ерекше қорғалмақ

18.07.2026, 09:23

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ақмола облысындағы Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие болады. Осы мақсатта «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы кеңейтіліп, оның құрамына Көбейтұз көлінің акваториясы енгізіледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сонымен қатар көл маңында бақылау алаңы мен автотұрақ салынып, туристерге табиғатты қауіпсіз тамашалауға жағдай жасалады. Бұл жұмыстар көлдің нәзік экожүйесіне зиян келтірмей жүргізіледі.

Бұған дейін жүргізілген зерттеулерде көл суындағы бірқатар заттардың мөлшері шекті нормадан жоғары екені анықталған. Осыған байланысты Көбейтұзда шомылуға және жағалаудан тұз жинауға тыйым салынған.

Абаттандыру жұмыстары кезінде көлге кіру уақытша шектеледі. Көл маңында тәулік бойы бақылау бекеттері жұмыс істеп, аумақты полиция мен уәкілетті органдар күзетеді.

Билік тұрғындар мен туристерді табиғатты қорғау талаптарын сақтап, бірегей табиғи нысанға ұқыпты қарауға шақырды.