Қазақстанда онлайн-беттинг нарығы қарқынды өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша интернет арқылы жасалған бәс тігулердің көлемі 370,5 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 10 еседен астам артқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Finprom сарапшылары құмар ойындар нарығына жүргізген талдауында мәлім етті.
Құмар ойындар нарығы рекордтық деңгейге жетті
2025 жылы Қазақстанда құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру қызметтерінің көлемі 592,2 млрд теңгені құрады. Бұл – осы саладағы ең жоғары көрсеткіш.
Сарапшылардың мәліметінше, соңғы сегіз жылда бұл нарық 33-44 есеге ұлғайған. Ең қарқынды өсім 2020-2021 жылдары тіркелген.
Онлайн бәс нарықтың негізгі бөлігіне айналды
2024 жылы онлайн бәс тігудің үлесі небәрі 6 пайыз болса, бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 62,6 пайызға дейін өсті.
Ал дәстүрлі казино қызметтерінің көлемі 16,2 пайызға, ойын автоматтары қызметі 17 пайызға қысқарған.
Қазақстандықтар 1,6 трлн теңгеге бәс тіккен
Соңғы бір жылдан астам уақыт ішінде қазақстандықтар букмекерлік кеңселер арқылы 1,6 трлн теңге көлемінде бәс тіккен.
Оның 1,2 трлн теңгесі ұтыс ретінде ойыншыларға қайтарылған. Ал шамамен 400 млрд теңге букмекерлік компанияларда қалған.
Сарапшылардың бағалауынша, елде 700 мыңға жуық адам тұрақты түрде бәс тігеді.
Лудомания мәселесі өзекті күйінде қалып отыр
2024 жылдың наурызынан 2026 жылдың мамырына дейін қазақстандықтар құмар ойындарға қатысуға өз еркімен тыйым салу үшін 457,4 мың өтініш берген. Оның ішінде 223,6 мыңы әлі де күшінде.
Сонымен қатар сарапшылар елде 350 мыңнан астам адам құмар ойынға тәуелді болуы мүмкін екенін айтады. Алайда 2026 жылдың басында ресми есепте осындай диагноз қойылған небәрі 9 адам ғана тіркелген.
Мамандар пікірінше, бұл құмар ойынға тәуелділікті анықтау мен емдеу жүйесінің әлі де жеткілікті деңгейде жұмыс істемейтінін көрсетеді.