Қазақстанда ақылы автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін барлық жүргізуші ақы төлемейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Заңға сәйкес, азаматтардың жекелеген санаттары мен кейбір қызметтік көліктерге бұл төлемнен босату қарастырылған.
Кімдер жол ақысын төлемейді?
Ақылы жолдарда тегін жүру құқығы мына көлік құралдарына беріледі:
- жедел жәрдем көліктері;
- авариялық-құтқару қызметтерінің көліктері;
- полиция және басқа да құқық қорғау органдарының қызметтік көліктері;
- көліктік бақылау органдарының көліктері;
- арнаулы мемлекеттік органдардың қызметтік көліктері;
- Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдардың көліктері;
- ақылы жолдарды күтіп-ұстаумен айналысатын ұйымдардың арнайы техникалары;
- жануарлар дүниесін қорғау саласындағы уәкілетті органның көліктері.
Қандай азаматтық көліктерге жеңілдік бар?
Заңға сәйкес, мына көлік құралдары да ақы төлеуден босатылады:
- қала маңындағы және ақылы жолға іргелес елді мекендер арасында тұрақты қатынайтын автобустар;
- ақылы жолға жақын аудандарда тіркелген автобустар (өз ауданының аумағында жүрген жағдайда);
- су өткелдері мен теміржол өткелдерін айналып өтетін жақын көлік айрықтары арасында жүретін жүк көліктері мен ауыл шаруашылығы техникалары;
- ақылы жолға іргелес аудандарда тіркелген жеңіл автокөліктер (бір аудан аумағында жүрген кезде);
- Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тиесілі жеңіл автомобильдер.
Тегін жүру құқығы қалай рәсімделеді?
Жеңілдік автоматты түрде берілмейді. Ол үшін көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі арнайы ақпараттық базаға енгізілуі қажет.
Осыдан кейін ақылы жолдан өткен кезде жүйе көлікті автоматты түрде танып, жол ақысы есептелмейді.
Қандай құжаттар қажет?
Көлік құралын жеңілдік тізіміне енгізу үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына мына құжаттарды тапсыру қажет:
- белгіленген үлгідегі өтініш;
- көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің тізімі;
- тұрақты автобус бағыттары үшін (қажет болған жағдайда) маршруттық құжаттардың көшірмелері.
Айта кетерлігі, жеңілдік көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі ақпараттық жүйеге енгізілгеннен кейін ғана күшіне енеді. Оған дейін ақылы жолды пайдаланғаны үшін төлем жалпы тәртіппен алынады.