Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Шортанды ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірген адамдар тобының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу барысында құрамында алтыны бар кенді өңдеп, бағалы металдарды бөліп алуға арналған жасырын цех анықталған.
Тінту кезінде кенді ұсақтауға және балқытуға арналған арнайы жабдықтар, 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 келі сынап, сондай-ақ 2 миллион теңгеден астам қаражат пен 8 мың АҚШ доллары тәркіленді. Бұдан бөлек, жасырын цехты тінту барысында қару мен оқ-дәрілер де табылған.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары заңсыз өндіріске қатысы бар барлық тұлғаларды анықтап, заңсыз өндірілген бағалы металдардың нақты көлемін есептеп жатыр. Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікпен бір адам қамауға алынды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.