Бразилия аңызы Пеленің 1958 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалында киген ойын жейдесі Sotheby's аукционында 4,88 миллион долларға сатылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл жейдемен Пеле Швецияға қарсы өткен финалда алаңға шығып, екі гол соққан. Сол кездесуде Бразилия құрамасы 5:2 есебімен жеңіске жетіп, өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды.
Ол кезде Пеле небәрі 17 жас 249 күнде болған. Осылайша ол әлем чемпионаттары финалындағы ең жас гол авторы атанып, бұл рекорд әлі күнге дейін жаңарған жоқ.
1958 жылғы жеңістен кейін Пеле тағы екі рет – 1962 және 1970 жылдары әлем чемпионы атанды. Ол футбол тарихында әлем чемпионатын үш рет ойыншы ретінде жеңіп алған жалғыз футболшы болып қала береді.
Айта кетейік, футбол жейделері арасындағы ең қымбат сатылым рекорды әзірге Диего Марадонаның 1986 жылғы әлем чемпионатында Англияға қарсы матчта киген жейдесіне тиесілі. Ол 2022 жылы 9,3 миллион долларға сатылған.