Қазақстанда 65 жастан асқан азаматтар енді несиені онлайн рәсімдей алмайды. Енді қарыз алу үшін олар банк бөлімшесіне жеке барып өтініш беруі қажет. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, бұл талап телефон арқылы әрекет ететін алаяқтардан егде жастағы азаматтарды қорғау мақсатында енгізілген.
Себебі соңғы жылдары қаскөйлер зейнеткерлерге қоңырау шалып, оларды онлайн несие рәсімдеуге және ақшаны бөгде шоттарға аударуға көндіру жағдайлары жиілеген.
Жаңа талап кімдерге қатысты?
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, былтыр Парламент заңнамаға өзгерістер енгізіп, 18-21 жас аралығындағы жастар мен 65 жастан асқан азаматтар үшін қосымша қорғаныс тетіктерін қарастырған.
Енді бұл санаттағы азаматтар несие рәсімдеу кезінде банк бөлімшесіне міндетті түрде жеке келуі тиіс.
Банк күмәнді жағдайда несиеден бас тартуға міндетті
Ұлттық банк басшысы алаяқтардың көбіне онлайн несие рәсімдеу мүмкіндігін пайдаланатынын айтты.
Оның айтуынша, қаскөйлер жәбірленушіні телефон арқылы бағыттап отырып, биометриялық сәйкестендіруден өткізіп, несие рәсімдетеді. Кейін алынған қаражатты өз есепшоттарына аудартқызады.
Осыған байланысты енді банк қызметкерлеріне де жауапкершілік жүктеледі.
Егер менеджер клиенттің өз әрекетіне толық есеп бермейтінін немесе үшінші тұлғаның ықпалында екенін байқаса, сондай-ақ азамат «маған телефон шалып, несие алуды айтты» деп мәлімдесе, банк несие беруден міндетті түрде бас тартуы тиіс.
Талаптың орындалуы бақылауда болады
Ұлттық банк мәліметінше, банктердің бұл талапты сақтауын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалайды.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қабылданған өзгерістер өмірлік тәжірибесі аз жастар мен алаяқтардың арбауына жиі түсетін егде жастағы азаматтарды қорғауға бағытталған.