homepage
t.me/KZgovernment

Ұлытау облысының жаңа әкімі таныстырылды

17.07.2026, 14:56

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің Басшысы Роман Скляр Ұлытау облысы мәслихаты депутаттарының жиналысына қатысты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жиында Мемлекет басшысының Ұлытау облысының әкімі қызметіне Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мен облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаевтың кандидатураларын ұсынған хаты оқылды.

Ашық дауыс беру қорытындысында депутаттардың 87 пайызы (64 депутат) Есет Байкенді қолдап дауыс берді. Осыдан кейін Президент Жарлығымен Есет Байкен Ұлытау облысының әкімі болып тағайындалды. 

Жаңа әкімді таныстырған Олжас Бектенов Мемлекет басшысы өңір басшылығына бірқатар нақты міндет жүктегенін айтты. Атап айтқанда, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өңдеу өнеркәсібі мен шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіптік кластер қалыптастыру, инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту тапсырылды.

Сондай-ақ Қарағанды – Жезқазған автожолының құрылысын жеделдету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы инфрақұрылымды жақсарту, сондай-ақ Ұлытаудың тарихи-мәдени мұрасын тиімді пайдаланып, туризмді дамыту міндеті қойылды.

Облыс активімен кездесуде Премьер-министр Президенттің Әділетті әрі Озық Қазақстанды құру бағыты халықтың әл-ауқатын арттыратын нақты нәтижелермен жүзеге асуы тиіс екенін атап өтті.