homepage
Ақорда

Шанхайдағы ЖИ жиыны: Тоқаевтың бастамалары

17.07.2026, 14:28

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында сөз сөйлеп, Қазақстанның цифрлық даму бағытындағы басымдықтарын таныстырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ақорда хабарлауынша, Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған бірқатар бастама көтерді.

Қазақстанда 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы

Президенттің айтуынша, Қазақстан цифрлық трансформацияны ұлттық даму стратегиясының негізгі бағыты ретінде айқындаған.

Осы мақсатта елімізде 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланып, «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық стратегиясы бекітілді.

Сонымен қатар Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданып, Астанада Smart City платформасы іске қосылды. Бұл тәжірибе алдағы уақытта еліміздің барлық ірі қаласына енгізіледі.

Алатау – Орталық Азиядағы алғашқы цифрлық қала

Мемлекет басшысы Алатау қаласын дамытуға ерекше назар аударылатынын айтты.

Президенттің сөзінше, Алатау Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық қалаға айналады.

Бұл жобаға халықаралық технологиялық компаниялар мен инвесторларды тарту үшін қалаға арнайы құқықтық режим берілген.

Қазақстан жаңа халықаралық ұйымның алғашқы отырысын Астанада өткізуді ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымын құру бастамасын қолдайтынын айтып, оның алғашқы отырысын Астанада өткізуді ұсынды.

– Қазақстан Дүнижүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы құрылтайшыларының бірі ретінде осы маңызды платформаны құрудағы Қытайдың жетекші рөлін жоғары бағалайды. Жақында ғана іргесі қаланған әрі мол әлеуетке ие ұйым жаһандағы ЖИ келешегін айқындайтын бірегей халықаралық институтқа айналатынына сенімдіміз. Ұйымның алғашқы отырысын Астанада өткізу біз үшін зор мәртебе болар еді. Сонымен қатар бұл құрылымның Орталық Азиядағы өкілдігін елімізде орналастыруды ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент аталған ұйымның Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігін Қазақстанда орналастыруды ұсынды.

Қазақстан мен Қытай арасында «Цифрлық көпір» құрылуы мүмкін

Президент Қазақстан мен Қытай арасында «Қазақстан – Қытай цифрлық көпірі» жобасын іске қосуды ұсынды.

Бұл бастама цифрлық сауданы дамытуға және «Бір белдеу, бір жол» аясындағы цифрлық экономикалардың ықпалдастығын күшейтуге бағытталған.

ЖИ бейбітшілікке қызмет етуі керек

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні әскери бәсекеге емес, бейбітшілік пен тұрақты дамуға пайдалану маңызды екенін айтты.

– Сондықтан мен Ұйымға мүше мемлекеттер мен мүдделі тараптардың барлығын жасанды интеллект  стандарттары мен этикасын реттейтін тұрақты сарапшылық платформа құруға шақырамын. Сайып келгенде, ЖИ-дің болашағын адамдар айқындайды. Сондықтан алдағы уақытта аталған саланы жетік меңгерген мамандарға сұраныс күшейеді. Біз жастарды цифрлық машықтарды игеруге, сыни ойлауға, ізденімпаздыққа және жоғары этикалық жауапкершілікке баулуымыз керек. Осыған орай Қазақстан Дүниежүзілік Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы аясында халықаралық мектептер желісін, озық тәжірибе орталықтарын және академиялық серіктестік құруды ұсынады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ кибершабуыл, дипфейк және цифрлық алаяқтыққа қарсы ортақ халықаралық стандарттар әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Келесі жылды бірлескен ЖИ бастамалары жылы деп жариялауды ұсынды

Президент Қазақстан мен Қытайда келесі жылды Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынды.

Сонымен бірге халықаралық мектептер желісін, ғылыми орталықтар мен академиялық серіктестікті дамыту бастамасын көтерді.