homepage
Juzmedia.kz

Бірыңғай QR жүйесі іске қосылады

17.07.2026, 12:51

2026 жылғы 19 шілдеден бастап Қазақстанда барлық банкке ортақ бірыңғай QR-код ресми түрде іске қосылады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңа жүйе арқылы қазақстандықтар телефон нөмірі бойынша ақша аударып, сондай-ақ кез келген банктің клиенті арасында QR-код арқылы төлем жасай алады. Яғни сатып алушы мен сатушы әртүрлі банкте қызмет көрсетілсе де, төлем бір QR арқылы жүзеге асады.

Бірыңғай QR неге ұзақ дайындалды?

Ұлттық банктің түсіндіруінше, жобаның ұзақ уақытқа созылуына Қазақстандағы төлем нарығының ерекшелігі әсер еткен.

Соңғы жылдары әр банк өз төлем технологиясын, мобильді қосымшасын және қауіпсіздік жүйесін қалыптастырған.

«Біздің мақсатымыз – барлық банкті бір экожүйеге біріктіріп, бәсекелестікті сақтау. Бір жағынан банктердің инвестиция салуға деген қызығушылығы жоғалмауы керек, екінші жағынан тұтынушылар үшін тең мүмкіндік жасалуы тиіс», – деді Бинұр Жәленов.

Сондай-ақ тариф белгілеу, төлемге қатысушылардың жауапкершілігі, жеке деректерді қорғау және алаяқтыққа қарсы тетіктерді келісу көп уақыт алған.

Платформа қашан дайын болды?

Техникалық платформа 2025 жылдың үшінші тоқсанында іске қосылған. Алғашқы кезеңде оған алты банк қосылып, кейін жүйеге қалған қаржы ұйымдары біртіндеп қосылған.

Қазір мобильді қосымша арқылы бөлшек қызмет көрсететін барлық банк жаңа жүйеге қосылған.