homepage
primeminister.kz

Дастан Рыспеков Ұлытау облысының әкімі қызметінен босатылды

17.07.2026, 12:17

Президент Дастан Рыспековті Ұлытау облысының әкімі лауазымынан босатты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

“Мемлекет басшысының Жарлығымен Дастан Адайұлы Рыспеков Ұлытау облысының әкімі қызметінен босатылды”, – делінген Жарлықта.

Дастан Рыспеков бұл қызметке 2024 жылғы 9 қазанда тағайындалған болатын. Бұған дейін облыстық мәслихат депутаттары 17 шілдеде жаңа әкімді тағайындауға келісім беру мәселесін қарайтынын хабарлаған еді.

Дастан Рыспеков 1984 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Алматы заң академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің кірістер болжамы бөлімінің бас маманы ретінде бастаған.

2007–2016 жылдары Алматы қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде, Алматы қаласының Тексеру комиссиясында және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінде басшылық қызметтер атқарды.

2016–2018 жылдары «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның Бухгалтерлік есеп және есептілік департаментінің директоры – бас бухгалтері болды.

2018–2019 жылдары Павлодар облысының Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасын басқарды.

2019 жылдан бастап «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарды.

2020–2023 жылдары Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы болды. 2023 жылғы тамызда Ұлытау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, 2024 жылғы 9 қазаннан бері өңір әкімі қызметін атқарды.