homepage
Juzmedia.kz

Шахматтан Азия чемпионаты: ел қоржынында үш алтын медаль

17.07.2026, 11:49

Шэньчжэнь қаласында (Қытай) өтіп жатқан 28-ші Азия жастар шахмат чемпионатында (28th Asian Youth Chess Championships 2026) алғашқы күні қазақстандық спортшылар 6 медаль жеңіп алды, оның үшеуі — алтын, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазақстан шахмат федерациясынан хабарлағандай, рапид бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынды.

Азия чемпиондары атанғандар:

  • Нұрмұхамед Елемес (O10);
  • Әміржан Әнетов (O12);
  • Мақсат Байсалбеков (O14).

Күміс жүлдені Әдінур Әділбек (O10) жеңіп алды, қола медальдарды Амалия Едрешева (G10) және Алишер Әбдісаттар (O14) иеленді.

Салыстыру үшін айта кетсек, өткен жылы осы жарыстарда Қазақстанның жас шахматшылары рапидте небәрі екі медаль алған еді — Азия чемпионы Әміржан Әнетов (O10) болса, қола жүлде сол жас санатында Алихан Назарбекке бұйырған болатын.

Чемпионат 16–24 шілде аралығында өтуде. Жарыстарға 29 ел мен аумақтан шамамен 900 спортшы қатысуда.

Жарыс ұлдар мен қыздар үшін алты жас категориясында (U8, U10, U12, U14, U16 және U18) және барлық үш уақыт бақылауында — классика, рапид және блиц бойынша бөлек өткізіледі.

Енді қатысушылар классика бойынша айқасады, ал 24 шілдеде блицте медальдар сарапқа салынады.