Air Astana әуе компаниясы Ормуз бұғазы мен Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпсіздік жағдайының күрделенуіне байланысты Дубай бағыты бойынша рейстерді уақытша тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Компанияның хабарлауынша, 21 шілде мен 31 тамыз аралығында Алматы мен Астанадан Дубайға және кері бағыттағы тұрақты рейстер орындалмайды.
Ал 21 шілдеге дейінгі рейстер Дубайда жүрген жолаушыларды Қазақстанға қайтару үшін ғана жүзеге асырылады.
Жолаушыларға қандай мүмкіндік беріледі?
Рейстері тоқтатылған жолаушыларға бірнеше балама ұсынылған. Олар әуе билетінің толық құнын қайтарып ала алады немесе сапар күнін кейінге шегере алады.
Сондай-ақ Air Astana-ның өзге халықаралық бағыттарына билетті қосымша ақысыз қайта брондау мүмкіндігі қарастырылған.
Әуе компаниясы қосымша ақпарат алу үшін жолаушыларға байланыс орталығына немесе билет сатып алынған орынға жүгінуге кеңес берді.
Бұған дейін рейстер қайта ашылған еді
Еске салайық, бұған дейін Air Astana 15 шілдеден бастап Алматы мен Астанадан Дубайға тұрақты рейстерді қайта жандандыратынын хабарлаған болатын.
Алайда компания сол кезде-ақ Таяу Шығыстағы жағдайдың өзгеруіне байланысты ұшу кестесіне қайта түзетулер енгізілуі мүмкін екенін ескерткен еді.