homepage
Ақорда

Тоқаев пен Сидің кездесуі: қандай мәселелер талқыланды

16.07.2026, 20:03

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайда Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі.

Бүгінде ҚХР еліміздің экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салған, ал былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 49 миллиард долларға жеткен.

Сонымен қатар Қазақстанда 8,5 мыңнан астам қытайлық компания жұмыс істейді.

Қандай салаларға басымдық берілді?

Кездесуде өнеркәсіп, энергетика, газ-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері сөз болды.

Президенттің айтуынша, өткен жылы Қазақстанға 1 миллионнан астам Қытай азаматы келген.

Сондай-ақ екі елдің астаналарында мәдени орталықтар ашылып, Қазақстанда Лу Бань шеберханалары жұмыс істеп жатыр.

Тараптар халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.

2027-2030 жылдарға арналған құжаттарға қол қойылды

Си Цзиньпин Қазақстанмен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті жоғары бағалап, Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясат екі ел халықтарының мүддесіне сай келетінін айтты.

Сондай-ақ ол Қазақстанда қабылданған жаңа Конституциямен құттықтап, алдағы Құрылтай сайлауына сәттілік тіледі.

Келіссөздер қорытындысында Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен оны іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойылды.