homepage
t.me/EcologyofQazaqstan

«Семей орманындағы» өрт: Үкімет басшысы өңірге министрлерді жіберді

16.07.2026, 17:52

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Абай облысына шұғыл аттанды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Үкімет басшысы министрлерге «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватындағы өртті сөндіру жұмыстарын үйлестіруді, жақын маңдағы елдімекендерді қорғауды және тілсіз жаудың одан әрі таралуына жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды.

Жедел штабтың жұмысы Премьер-министрдің жеке бақылауында.

Өртті сөндіруге жүздеген маман жұмылдырылды

16 шілде сағат 17:10-дағы жағдай бойынша өртті сөндіруге барлығы 400-ден астам адам және 100-ге жуық техника тартылған.

Атап айтқанда, резерваттың мемлекеттік орман күзетінің 122 қызметкері мен 50 техникасы,

Төтенше жағдайлар министрлігінің 158 қызметкері мен 22 техникасы, Ішкі істер министрлігінің 101 қызметкері мен 25 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 24 қызметкері мен 10 техникасы, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің күштері жұмылдырылған.

Үш ведомствоның авиациясы тартылды

Өртті сөндіру жұмыстарына «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының екі тікұшағы, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің авиациясы қатысуда.

Әуе техникасы арқылы осы уақытқа дейін 93 рет су төгіліп, өрт ошағына жалпы 112 тонна су жеткізілді.

Қосымша күштер мен арнайы техника өрт аумағына бағытталып жатыр. 

Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жауапты органдардың мәліметінше, жағдай тұрақты бақылауда.