homepage
Juzmedia.kz

Жалған инвестициялық жоба: күдікті Қазақстанға экстрадицияланды

16.07.2026, 17:16

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «World Business Consulting» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу мәліметінше, күдікті 2020 жылы азаматтарды жоғары табыс әкелетін инвестициялық бағдарламаларға қатыстыру сылтауымен ақша салуға үгіттеген.

Алайда компанияның мұндай қызметпен айналысуға лицензиясы болмаған және нақты инвестициялық қызмет жүргізбеген.

Жалған табыс көрсетілген

Тергеу барысында салымшылардан ақша қолма-қол қабылданып, бухгалтерлік құжаттармен рәсімделмегені анықталған.

Ал заңды қызметтің көрінісін жасау үшін қатысушыларға арнайы онлайн-платформада жеке кабинеттер ашылып, онда жалған табыс көрсеткіштері жарияланып отырған.

Түскен қаражат бұрынғы салымшыларға жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен төленіп отырған.

Сонымен қатар жаңа адамдарды тарту үшін түрлі таныстырылымдар ұйымдастырылып, БАӘ мен Түркияға сапарлар өткізілген.

Күдікті Грузияда ұсталды

Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз схема бастапқы кезеңінде тоқтатылған.

2024 жылы күдіктіге халықаралық іздеу жарияланып, сот оны сырттай қамауға санкция берген.

Ал 2026 жылдың қаңтарында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.

Сот күдіктінің жер учаскесіне тыйым салды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.