homepage
Juzmedia.kz

Қазақстанда жас кәсіпкерлер саны кеміді

16.07.2026, 16:47

Қазақстанда 35 жасқа дейінгі жеке кәсіпкерлердің саны бір жылда 9,3%-ға азайды. 2026 жылдың наурыз айының соңында елде 667,5 мың жас кәсіпкер тіркелсе, олардың 638,5 мыңы ғана белсенді жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Finprom сарапшылары мұны кәсіпкерлердің бір бөлігінің 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген жаңа Салық кодексіне сәйкес өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режиміне ауысуымен байланыстырады. Сондықтан жас кәсіпкерлер санының азаюы олардың барлығы кәсіпкерлікті тоқтатты дегенді білдірмейді.

Жас кәсіпкерлердің үлесі де төмендеген. Егер 2023 жылы олардың үлесі барлық жеке кәсіпкерлердің 45,6%-ын құраса, биыл бұл көрсеткіш 37,8%-ға дейін қысқарған.

Ең көп жас кәсіпкер қай өңірде?

Ең көп жас кәсіпкер Алматыда тіркелген – 118,8 мың адам. Одан кейін Астана (88,7 мың), Түркістан облысы (61,1 мың), Шымкент (56,1 мың) және Алматы облысы (46,8 мың) келеді.

Салалар бойынша ең көп жас кәсіпкер әлі де көтерме және бөлшек саудада жұмыс істейді. Сонымен бірге көлік және қоймалау (+23,2%), ақпарат және байланыс (+13,3%), қонақүй және қоғамдық тамақтану (+11,6%), құрылыс (+9,6%) салаларында өсім байқалған.

Әйел кәсіпкерлер азайып, ерлердің саны артты

Зерттеуде ерекше назар аудартқан өзгеріс – жастар кәсіпкерлігінің гендерлік құрылымы. Бір жыл ішінде 35 жасқа дейінгі ер кәсіпкерлердің саны 9 мың адамға көбейіп, 320,7 мыңға жеткен. Ал әйел кәсіпкерлердің саны шамамен 69,4 мың адамға азайып, 317,7 мың болған.

“Соның нәтижесінде жас кәсіпкерлер арасындағы әйелдердің үлесі 55,4%-дан 49,8%-ға дейін төмендеді”, – делінген зерттеуде.

Сарапшылар мұны жаңа салық режиміне көшудің әсерімен байланыстырады.

Жалпы мамандардың пікірінше, бұл өзгерістер жастар кәсіпкерлігінің әлсірегенін емес, оның құрылымы өзгергенін көрсетеді. Ер кәсіпкерлердің үлесі артып, өсім негізінен көлік, құрылыс, ақпарат және байланыс салаларында сақталған.