Алматы облысының Қонаев қаласында Қазақстандағы ең ірі қант зауыты бой көтереді. Жобаны Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниясы жүзеге асырмақ. Жоба құны - 313,6 млрд теңге, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Кәсіпорын ауыл шаруашылығы министрлігінің 2026-2028 жылдарға арналған Жол картасына енгізілді.
Жаңа нысан жылына 500 мың тонна дайын өнім шығаруды жоспарлап отыр.
Зауыт құрылысына арнап «Алатау» арнайы экономикалық аймағынан 1000 гектар жер бөлінді. Қазір Қонаевта құрылыс алаңына газ бен электр желілерін тарту жұмыстары басталып кетті.
Зауыт өндірісі үшін қант қызылшасын өсіруге 65 мың гектар жер белгіленді, ал алдағы уақытта бұл аумақты 100 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған.
Жергілікті шаруалар қазірдің өзінде бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.
Зауытты 2028 жылға қарай іске қосу жоспарланып отыр. Жоба аясында өңірде 450 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ алқаптарды суару жүйесін құру үшін халықаралық қаржы институттарынан инвестиция тарту мәселесі қарастырылған.
Қазір Қазақстанда төрт қант зауыты жұмыс істеп тұр: олар - «АқсуҚант», Көксу, Меркі және Тараз зауыттары. Олардың үшеуі ғана қызылша өңдеумен айналысады.