homepage
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі

«Семей орманындағы» өрт: балалар лагерінен 200-ден астам адам эвакуацияланды

16.07.2026, 14:57

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында шыққан орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қауіпсіздік мақсатында жақын маңдағы балалар лагері мен ауыл тұрғындары эвакуацияланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Өрт 16 шілдеде таңертең Бородулиха ауданындағы Камышенка орманшылығының 57-орамында тіркелген.

Қазіргі уақытта өртті сөндіруге резерваттың мемлекеттік орман күзетінің 86 қызметкері мен 31 техникасы, «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының су төгу құрылғысымен жабдықталған екі тікұшағы, Төтенше жағдайлар министрлігінің 38 қызметкері мен 10 техникасы, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің Ми-8 тікұшағы жұмылдырылған.

Мамандардың мәліметінше, «Қазавиаорманқорғау» тікұшақтары осы уақытқа дейін өрт ошағына 24 рет су төккен. Қосымша күштер мен техника да өрт аумағына жеткізіліп жатыр. Қазір өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. 

Қауіпсіздік шаралары аясында өрт ошағына жақын орналасқан балалар сауықтыру лагерінен 190 бала мен 20 ересек адам қауіпсіз жерге көшірілді. Аудан әкімдігі лагерь аумағына өрттің таралу қаупі жоқ екенін, эвакуацияның алдын алу мақсатында жүргізілгенін хабарлады.

Сонымен қатар Камышенка ауылының шетіндегі 20 үйден 49 тұрғын эвакуацияланды.

Өрт шыққан аумақты полиция қоршауға алып, кіреберіс жолдарды жапты. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 101 полиция қызметкері жұмылдырылған.

Жауапты мекемелердің мәліметінше, қазіргі уақытта елді мекендер мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарына қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдай тұрақты бақылауда.