homepage
https://t.me/abaiaqparatkz/33221

Қазақстанға келіңіздер: Тоқаев қытайлық инвесторларды шақырды

16.07.2026, 14:23

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен «дөңгелек үстел» форматында кездесіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады,  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Президенттің айтуынша, екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілген. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 49 млрд долларға жетіп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Ал Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясының көлемі 30 млрд доллардан асты. Бүгінде елімізде қытай капиталының қатысуымен 8,5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан бірқатар бірлескен жобаны атап өтті. Атап айтқанда, газ-химия кешені, жүгеріні терең өңдеу зауыты, мақта-тоқыма кластері салынуда. Сонымен қатар Қазақстанда HOWO, Yutong, JAC, Changan, Great Wall Motor және Chery автокөліктерін шығару жолға қойылған.

Кездесу барысында Президент жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Екібастұзда жүзеге асырылатын Data Center Valley жобасы Қазақстан мен Орталық Азиядағы цифрлық инфрақұрылымның негізгі тірегіне айналуы тиіс.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанды Орталық Азиядағы ірі көлік-логистика хабы ретінде дамыту жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, ел аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді, ал Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол жүк тасымалының 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Осы бағытта халықаралық жүк тасымалын цифрландыруға арналған Smart Cargo платформасы іске асырылып жатыр.

Президент ауыл шаруашылығы саласын цифрландыруға да тоқталды. Қазір елімізде 200-ден астам «ақылды ферма» жұмыс істейді, тағы 650-ден астам шаруашылық цифрлық технологияларды кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабына айналуды мақсат етеді.

Кездесуде Digital by Default қағидаты бойынша салынып жатқан Алатау қаласының болашағы да сөз болды. Президенттің айтуынша, жаңа қала смарт-технологиялар, цифрлық қаржы, блокчейн және жасанды интеллект шешімдерін дамытуға арналған өңірлік орталыққа айналмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қытайлық инвесторлар үшін қолайлы бизнес ортаны қалыптастыруды жалғастыратынын айтып, тараптардың жоғары технологиялар, инновация, ғылым және өндіріс салаларындағы ынтымақтастығын кеңейтуге дайын екенін жеткізді.