homepage
polisia.kz

Рақымшылық: 22 млрд теңгеден астам айыппұл есептен шығарылды

16.07.2026, 12:37

Ішкі істер министрлігі амнистия туралы заңның жүзеге асырылу барысы жөнінде мәлімет берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Айта кетейік, 1 шілдеде Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына орай жарияланған амнистия туралы заңға қол қойған болатын. Бұл – адамгершілік пен ізгілік қағидаттарына негізделген бір реттік шара.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік амнистия жүргізілді. Оның аясында заңда көзделген баптар бойынша азаматтар әкімшілік айыппұл төлеуден босатылды.

ІІМ мәліметінше, ішкі істер органдарының бағыты бойынша амнистия шамамен 590 мың азаматқа қатысты қолданылды. Соның нәтижесінде 1,3 миллионнан астам әкімшілік өндіріп алу тоқтатылып, 22 миллиард теңгеден астам айыппұл есептен шығарылды.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, амнистия – бір реттік ізгілік шарасы және ол болашақта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды.

«Егер азамат қайтадан құқық бұзса, ол заң талаптарына сәйкес толық жауапкершілікке тартылады. Ішкі істер министрлігі азаматтарды заң талаптарын сақтауға, өзгелердің құқықтарын құрметтеуге шақырады. Құқық бұзушылық жасамау – жауапкершіліктен сақтанудың ең дұрыс жолы. Ал "Заң және тәртіп" қағидатын сақтау – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның басты негізі», – деді Мұрат Қабденов.