Астананың Байқоңыр ауданындағы базар аумағында орналасқан тандыр самса әзірлейтін орында газ-ауа қоспасы жарылып, төрт адам зардап шекті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Ш. Жиенқұлов көшесіндегі екі қабатты әкімшілік ғимараттың бірінші қабатында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жарылысқа көлемі 50 литрлік композитті газ баллонының герметикалығының бұзылуы себеп болған.
Оқиға орнына ТЖМ бөлімшелері жедел жеткен. Барлау жұмыстары кезінде құтқарушылар үш зардап шеккен адамды тауып, медицина қызметкерлеріне тапсырған. Кейін Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендер саны төрт адамға жеткенін хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, екі адам №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жатқызылды. Бір зардап шегушіге амбулаториялық көмек көрсетіліп, үйіне жіберілген. Тағы бір адам №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жеткізілді.
Жарылыстан кейін ғимараттың төбе жабындысының және есік ойығының бір бөлігі опырылған.
Қазір оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.