Алматыда жекеменшік колледждердің бірінің түлегі “диплом жыртқан” видеосы үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, құқық қорғау органдары TikTok әлеуметтік желісіне жүргізілген мониторинг кезінде қоғамда қызу талқыланған видеоны анықтаған. Бейнекадрларда жас жігіт диплом табыстау рәсімінен кейін құжаттың мұқабасына ұқсас затты көпшілік алдында жыртып тастайды.
Тексеру барысында түлектің шынайы дипломы мен оның қосымшасы, сондай-ақ оқу орны берген ресми мұқабасы бүлінбегені белгілі болды. Видеоға түсіру үшін ол диплом мұқабасының көшірмесін алдын ала дайындап, реквизит ретінде пайдаланған. Соған қарамастан, полиция жарияланған бейнеролик қоғамда түрлі пікір туғызып, қоғамдық тәртіпке әсер еткенін атап өтті.
Тексеру қорытындысы бойынша видео авторы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Сонымен қатар сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Полиция азаматтарға қоғамдық тәртіпті бұзуы немесе адамдарды жаңылыстыруы мүмкін контентті жариялау заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Оқиғадан кейін түлек әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, ұстаздардан, колледж әкімшілігінен және әрекетінен көңілі қалған жұртшылықтан кешірім сұрады.