homepage
Фото: FIFA

Қорғанамын деп, “қораға” кірді

16.07.2026, 10:15

Ескі жау атыспаққа жақсы. Англия мен Аргентина бір-біріне ежелден қас. Екі ел арасындағы басты саяси дау Атлант мұхитының оңтүстігіндегі Фолкленд аралдары.

1982 жылы Аргентинаның әскери хунтасы бұл аралдарды басып алады. Ал Ұлыбритания бірден жауап қайтарып, қысқа уақытқа созылған қанды қырғында Аргентинаны жеңеді.

Бұл Аргентинаның ұлттық намысына ұмытылымас нұқсан келтіреді. Міне, сол соғыстан кейінгі тараптар арасындағы кез-келген футбол матчы аргентиналықтар үшін тек қана ойын емес, «соғыста кеткен есені қайтару» майданына айналғалы қашан?..

Соғыстан кейінгі ең алғашқы кездесу 1986 жылы Мексикадағы әлем чемпионатының ширек финалында өтті. Бұл ойын футбол тарихын мәңгілікке өзгертті. Әрі, әлі күнге дейін тарихи тартыстың шыңы саналады. Осы матчта Диего Марадона екі аңызға айналған гол соғады. Бірі «Құдайдың қолы» деп, ат қойылып, айдар тағылған Марадонаның қолмен салған голы. Бірақ оны бүкіл әлем көреді де, төреші көрмей қалады. Осы ойыннан кейін Марадона; «бұл менің қолым емес, бұл Құдайдың қолы»,-деп, әлемге әйгілі тәмсілін тәпсірлейді. Аргентиналықтар үшін бұл ағылшындарды қулықпен жеңіп, соғыста кеткен есені қайтарудың басты қағидасына айналады. Дәл осы ойында Марадона өз алаңынан сытылып шығып, ағылшынның бес бірдей қорғаушысы мен қақпашысын алдап өтіп, ғасыр голын салады. Кейін Марадона өзінің өмірбаянында осы ойын туралы; «бұл жай ғана команданы жеңу емес, біз Фолкленд соғысында қаза тапқан аргентиналық балалар үшін ағылшын солдаттарынан кек алдық»,-деп ашық жазады.

Міне, содан бері осы бір тарихи даудың кесірінен футболдан екі ел құрамасының кездесулері үнемі агрессияға, дөрекі және жанжалға толы болып өтеді. 1966 жылғы әлем чемпионатында Англия бапкері Альф Рамсей аргентиналық футболшыларды дөрекі ойыны үшін «жануарларға» теңеп, ойыншыларға олармен жейде алмасуға тыйым салған. 1998 жылғы Францияда өткен әлем чемпионатында аргентиналық Диего Симеоне ағылшын жұлдызы Дэвид Бекхэмді арандатып, салдарынан Бекхэм қызыл қағаз алып, алаңнан қуылады. Англия турнирден ұшып кетеді. Ал Бекхэм өз елінде ұлттың жауына айналады. Араға төрт жыл салып 2002 жылы Бекхэм Аргентина қақпасына пенальтиден гол соғып, Англия жеңеді және Аргентина топтық кезеңнен шыға алмай қалады...

Ал түнде өткен 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында да бұл елдердің жанкүйерлері мен футболшылары алаңға шыққанда осы тарихи жағдаяттарды жадыларында тағы бір жаңғыртқандай болды. Аргентиналық жанкүйерлер әлі күнге дейін Англиямен ойын кезінде Фолкленд аралдары туралы ұрандар мен әндер айтып, қарсыластың жүйкесін ши жүгіртеді. Содан болар түндегі ойын өте жоғары қарқынмен басталды. Алғашында қос команда да қорғанысқа басымдық беріп, тәуекелге бара қоймады. Есесіне алаң ортасында дөрекіліктер жиілеп, ерегестер болып, төреші Исмаил Эльфат ойын тізгінін ұстауға тырысты. Лионель Мессиге қарсы ерекше қысым жасалып, Эллиот Андерсон оны шалып жыққаны үшін сары қағаз алды. Бірінші таймда қос қақпаға қауіпті соққылар аз болып, тараптар үзіліске 0:0 есебімен тарқасқан.

Екінші таймда Англия басымдықты қолға алды. 55-минутта Харри Кейннің бастаған шабуылын оң қанаттан Морган Роджерс іліп әкетіп, алаң ортасынан жер бауырлата пас асырды. Қорғаушылардан сытылып шыққан Энтони Гордон допқа бірінші болып жетіп, әдемі гол салды. Англия 1:0 есебімен алға шықты. Бірақ, осы голдан кейін Англия бас бапкері Томас Тухель қорғанысқа жатып алды. Бірден бес қорғаушымен ойнау тактикасына көшті. Есепте артта қалған Аргентина есе қайтару үшін жаппай шабуылға көшті. Нико Гонсалестің баспен бағыттаған соққысын Англия қақпашысы Джордан Пикфорд керемет реакциямен қайтарды. Араға бірнеше минут салып, Алексис Макаллистердің жойқын соққысы қақпа бағанына тиіп кері қайтты. Ақыры 85-минутта Аргентина ойыншылары дегеніне жетті. Лионель Мессидің айып алаңы сыртынан асырған пасын Энцо Фернандес тоқтатып, 20 метрдей жерден шірене тартқан. Доп Пикфордтың қолынан өтіп, қақпа төрінен бір-ақ шықты. Есеп 1:1.

Осыдан кейін аяғын тартып қалған ағылшындар алға ұмтылғанның орнына тең есепті місе тұтпақ болып, тағы да сол тартыншақтап ойнады. Ағылшынның осы осал тұсын көрген Аргентина тоқтасын ба? Арынға арын қосып, шабулды төпелетті. Сөйтіп, 92-минутта Аргентина жеңісті жұлып әкетті. Тағы да Лионель Месси айып алаңына қарай әуелете пас асырды. Қорғаушылардың арасынан суырылып шыққан, ойынғақосалқы құрамнан қосылған шабуылшы Лаутаро Мартинес баспен гол соғып, матч тағдырын шешті. Есеп 1:2. Сөйтіп Англия тым ерте қорғанамын деп, «қораға» өздері кірді. Ал Аргентина ойыншылары болса, орталық алаңды билеп-төстеп, Англия айып алаңының маңында еркін комбинациялармен қарсыластарының есін шығарды. Месси болса, өз карьерасында Англияға қарсы алғаш рет ойнаса да, матчтың ең басты қаһарманына айналды. Англия оны 85 минут бойы тұсап ұстағанымен, капитан ең шешуші екі сәтте екі нәтижелі пас беріп, ойын тағдырын шешті. Осылайша Аргентина осы турнирде қатарынан екінші рет жеңіліп жатып, камбэк жасау арқылы өздерінің нағыз чемпиондық мінезін көрсетті. Ал Англия 1990 және 2018 жылдардағыдай тағы да жартылай финалдан ары аса алмады. Осы жеңістен кейін әлемнің қазіргі чемпионы Аргентина қатарынан екінші рет финалға шығып, 19 шілдеде өтетін ақтық айқаста Испания құрамасымен алтын жүлдені сарапқа салады. Англия болса, Франция құрамасымен 3-орын үшін жұбаныш матчын өткізеді. 

Бекәлі Жәдік