Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхай қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар кездесу өтеді. Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз жүргізіп, елдер арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылайды.
Сондай-ақ, Президент Қытайдың жетекші трансұлттық компанияларының басшыларымен өтетін дөңгелек үстелге қатысады. Кездесуде Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесі талқыланбақ.
Сапар бағдарламасының басымдығы – жаңа технологиялар мен жасанды интеллект. 17 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына (WAIC) қатысады.
Биыл конференция «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбымен өтеді. Жиында жасанды интеллектті дамыту, оны қауіпсіз реттеу және осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланады.