15 шілдеде Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында сегіз орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінен хабарлағандай, өрттің басым бөлігі ұлттық табиғи парктер мен орман шаруашылықтарының аумағында болған.
Атап айтқанда, Ақмола және Қостанай облыстарында бір-бірден өрт тіркелсе, «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде – үш, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде – бір, ал «Сандықтау орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде екі өрт анықталған.
Мамандар мәліметінше, өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының әуе патрульдеуі, ерте анықтау жүйелері және мемлекеттік орман күзетінің тұрақты бақылауының арқасында дер кезінде анықталған. Өрт туралы ақпарат түскен бойда орман күзеті мен әуе өрт сөндіру десанттары жедел жұмылдырылып, жалынды оқшаулау және сөндіру жұмыстарына кіріскен.
Ведомство соңғы күндері еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстықтың салдарынан дала өрттері мен құрғақ шөптің жану деректері жиілегенін атап өтті. Осыған байланысты орман өрттерінің алдын алу және оларды жедел сөндіру мақсатында мемлекеттік орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қазір әуе патрульдеуі мен орман алқаптарын бақылау үздіксіз жүргізілуде.
Мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
«Бір ғана ұшқын үлкен өртке себеп болуы мүмкін. Сондықтан аптап ыстық кезінде табиғат аясында демалғанда аса сақ болу қажет. Орман – баршамызға ортақ ұлттық байлық», – делінген хабарламада.