Маңғыстау облысында көктайғақ салдарынан бес адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот үкімі шықты. Бұл – Қазақстанда автожолды қысқы кезеңде тиісті деңгейде күтіп ұстамағаны үшін адам өліміне байланысты алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған іс, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қайғылы оқиға биыл 16 қаңтарда республикалық маңызы бар Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау автожолында болған.
Көктайғақ салдарынан Yutong жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, аударылған. Апаттан бес адам қаза тауып, тағы 14 жолаушы түрлі дәрежеде жарақат алған.
Қылмыстық істі Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорлары тергеді.
“Тергеу барысында жол-көлік оқиғасына автожолдың қысқы маусымда тиісті деңгейде күтіп ұсталмауы себеп болғаны анықталған. Сондай-ақ жауапты тұлғалардың әрекетсіздігі мен қайғылы салдар арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар екені дәлелденген”, – делінген ведомство хабарламасында.
Сот шешімімен «КАЖСервис» ЖШС Маңғыстау облыстық филиалының №57 жол пайдалану бөлімшесінің бастығы Қылмыстық кодекстің 353-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.
Оған 2 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.