homepage
фото: ЖИ арқылы жасалды

Әлеуметтік желі мен таным

15.07.2026, 18:14

Күн сайын интернетке небәрі 1-2 сағат кіріп, қалған уақытта планшет пен смартфонды қолына алмайтын балаға да әлеуметтік желідегі жағымсыз қылықтар жұғуы мүмкін бе? Жуырда осы сұрақтың жауабын тапқандай болдым. Балаға интернетті қарауға тыйым салған сайын, оның қызылды-жасылды әлеуметтік желіге деген қызығушылығы арта түседі. Тіпті күн сайын белгілі бір бейнеойындарды ойнап немесе футболды бір сағат қана көретін баланың алдынан да әлеуметтік желідегі жағымсыз контент шығып отырады. Ал бала психологиясының бір ерекшелігі бар: ол көбіне айтқанды емес, көргенін қайталайды. Қазір «трендте болу» деген тіркесті жиі айтамыз. Трендтен қалмауға үлкендер де, балалар да ұмтылады. Жұрттың назарын аударып, таңғалдырғысы келеді. Дәл осы тұста әлеуметтік желінің адамның танымы мен болмысына ықпалы деген күрделі мәселе алдымыздан шығады. Ендеше, осы мәселеге тереңірек үңіліп көрелік.

Лүпіл, пікір, репост: тәуелділік механизмі

Биыл наурыз айында АҚШ-та болған бір оқиға әлемді елең еткізді. 20 жастағы америкалық бойжеткен Alphabet (Google-дің бас компаниясы) және Meta компанияларын сотқа берді. Арызда ол YouTube пен Instagram-ның дизайны өзінің психологиялық тәуелділігін күшейткенін айтыпты. 

Алқа билер аталған компаниялар платформалардың интерфейсін әзірлеу кезінде немқұрайдылыққа жол беріп, әлеуметтік желіні пайдаланушыларды мұндай тәуелділіктен туындайтын қауіп-қатерлер туралы жеткілікті деңгейде ескертпеген деген қорытындыға келген. Нәтижесінде сот алпауыт компанияларды әлеуметтік желіге тәуелділік салдарынан келген психологиялық зиян үшін 4,2 миллион АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұған қоса, екі компания зардап шегушіге тағы 1,8 миллион доллар айыппұл төлеуге тиіс болды.

Сөйтіп, Google мен Meta әлеуметтік желіге тәуелділік туғызғаны үшін азаматшаға жалпы сомасы 6 миллион АҚШ долларын төлеуі керек. Алайда Meta мен Alphabet сот шешімімен келіспеді. Сондықтан бұл іс алдағы уақытта сотта қайта қаралмақ.

Осы оқиғаның өзі қазіргі қоғамда әлеуметтік желіге тәуелділіктің қаншалықты күрделі мәселеге айналғанын көрсетеді.

Шынында да, біз күн сайын әлеуметтік желіге кіріп, қаншама алтын уақытымызды жоғалтамыз. Оның механизмі адам физиологиясына ерекше әсер етеді және оған қарсы тұру оңай емес. Өйткені мұнда адамның белгілі бір нәрсені көруден, оған жауап алудан және өзіне назар аударылғанын сезінуден ләззат алуы бірінші орынға шығады.

Мысалы, Facebook-ке жазба жариялап, оған қанша адамның лүпіл басып, пікір жазғанын тағатсыздана күтеміз. Егер әлеуметтік желідегі достарымыз немесе өзге қолданушылар пікір жазып, жазбамызды бөліссе, оны қайта-қайта ашып қарап, белгілі бір қанағат сезімін бастан кешіреміз. Ал жазбаны аз адам оқыса ше? Лентаны қайта-қайта жаңартып, мәтіннің кейбір тұстарын өзгертіп, өзгелердің реакциясын күтіп отырамыз.

Міне, тәуелділік дегеніміз – осы.

Әлеуметтік желіге қайта-қайта кіріп, пікірлерді оқып, оларға жауап жазып, қаншама уақытымызды зая кетіреміз. Оның орнына қызықты кітап оқып немесе досыңмен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелессең, әлдеқайда пайдалы болар еді. Бірақ әлеуметтік желіге тәуелділіктен не жоғалтатынымызды біле тұра, сол әдетімізден арыла алмаймыз.

Алгоритм таңдаған «ақиқат»

Мәліметтерді көзбен шолыр шығу (визуализация) және биометрикалық технология саласындағы америкалық ғалым Жарон Ланье «Әлеуметтік желілердегі аккаунттарды жоюдың 10 аргументі» атты кітабында әлеуметтік медианың адамды ашушаңдық пен ызақорлыққа итермелейтінін айтады.

«Әлеуметтік желілерден адамға төнетін қауіп көп. Соның бірі – ашушаңдық пен ызақорлыққа ұрындыру. Әлеуметтік желілердің негізгі механизмі біреу: қолданушыны өзіне тәуелді етіп ұстап, оның сана-сезімі мен таным-түйсігіне ықпал ету. Алғашқы кезеңде әлеуметтік желілер адамдарды біріктіретін құрал болды. Қазір ол адамның ойлау жүйесін өзгертіп, ашу-ызаға жетелейтін кеңістікке айналды. Адамдар бір-бірінен алыстап барады, ал ашу-ызасын төгетін негізгі алаңның бірі – әлеуметтік желі. Дербестендіру жүйесі әр адамның интернетті өзінше танып-білуіне әкелді. Сондықтан баламалы пікірге бірден реакция білдіреміз. Пікір алуандығын туғызатын жазбалардың өзі кейде желі қолданушыларын адастырады. Өйткені алгоритм ең белсенді адамдардың пікірін жұрттың назарына шығарып, оған қарсы пікір айтқандардың үнін тасада қалдырады. Осы механизм аз лүпіл басылған пікірлерге деген қызығушылығымызды жояды. Ақиқат айтылған пікір тасада қалып, әділетсіздік салтанат құруы мүмкін», – дейді ғалым.

Пікір демекші, The New York Times басылымы арнайы зерттеу жүргізіп, бөтен бір адамның пікірін оқығандар өз пайымын тез өзгертетінін анықтаған. Бұған көптеген социолог-мамандар қарсылық білдірді, себебі өмірде көрмеген адамның ойын оқып, өзіңнің ойыңды өзгерту салу деген ақылға сыймайды. Алайда, әлеуметтік желі кеңістігінде адамның ой-пайымын бұрмалау әлдеқайда оңай. Біз көбіне осы қауіптің ауқымын ескере бермейміз.

Мәселе жай ғана пікір жазумен бітпейді. Әлеуметтік желіде жиналған ашу-ыза виртуалды кеңістіктен шығып, шынайы өмірге араласа бастайды. Желіден «жұғатын» тағы бір қауіпті құбылыс – өзгеге еліктеу, өзіңді басқалармен салыстыру және өзіңде жоқ нәрсені жұртқа бар етіп көрсету.

Кейде біз әлеуметтік желіде көп оқылатын, көп пікір жазылатын, көп бөлісілетін контент жасау үшін өмір сүретіндейміз. Өмірдің өзін сүруден гөрі, оны өзгелерге көрсету маңызды болып бара жатқандай. Ең алаңдатарлығы – осы құбылыс жас ұрпақтың санасына сіңіп, қалыпты үрдіске, тіпті трендке айналып барады.

«Тағы да ойнағым келеді: тәуелділік қалай басталады? 

Қазіргі кезде мектептің 4-8-сыныптарында оқитын балалардың 30 пайызы күн сайын 2-3 сағатын интернет ойындарына жұмсайды.

Осыған байланысты Астана қаласындағы №97 мектеп-гимназиясы жүргізген «Мен және терезеден тысқары әлем» атты әлеуметтік зерттеудің деректеріне назар аударғым келеді. Интернет ойындарының пайдасы мен зиянын зерттеген 8-сынып оқушылары қызықты ғылыми тұжырымдар жасаған.

Зерттеу сұрақтарына жауап берген 27 бала интернет ойындарының негізгі үш пайдасы ретінде уақытты қызықты өткізу, дос табу және логиканы дамыту мүмкіндігін көрсеткен. Ал негізгі үш зияны ретінде тәуелділікке әкелуі, денсаулыққа зиян келтіруі және психикаға кері әсер етуін атаған.

Назар аударарлығы, балалар интернет ойындарының пайдасымен қатар бес негізгі қауіп-қатерін де тарқатып жазған. Соның ішінде тәуелділік, психологиялық әсер және онлайн груминг мәселелеріне ерекше тоқталған.

«Көп ойындар арнайы мотивациялық жүйемен жасалған: ойыншы ұпай жинап, жаңа деңгейге өтуге тырысады. Бұл үдеріс баланың санасында “тағы ойнағым келеді” деген құмарлық қалыптастырып, біртіндеп тәуелділікке әкеледі. Мұндай жағдайда бала уақытында тоқтай алмай, күнделікті өмірдегі жауапкершілігін ұмытып кетуі мүмкін. Кейбір ойындардағы зорлық-зомбылық элементтері жасөспірімдердің психикасына кері әсер етеді. Мұндай ойындарды ойнаған балада ашушаңдық, агрессия немесе шынайы өмірге деген сенімсіздік пайда болуы ықтимал. Сондай-ақ виртуалды әлемге шектен тыс әуестік балаларды шынайы қарым-қатынастан алыстатып, жалғыздық сезімін күшейтеді. Интернет ойындарында бөтен адамдармен байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Мұндай жағдайда балалар кибербуллингке немесе алаяқтыққа тап болуы мүмкін. Жасөспірімдер жеке мәліметтерін жариялаудың қаншалықты қауіпті екенін әрдайым түсіне бермейді», – дейді зерттеуші балалар.

Алаңдатарлығы сол, сауалнамаға қатысқан балалардың 35 пайызы интернетте бөтен адамдармен тілдескен, 40 пайызы кибербуллингке ұшыраған, ал 1-5 пайызы жеке деректерін бөтен адаммен бөліскен.

Зерттеушілер соңында мынадай қорытындыға келеді: интернет ойындары – заман талабы, сондықтан одан толық бас тарту мүмкін емес. Дегенмен оның пайдасымен қатар қаупі де зор екенін ұмытпау керек. Ойын уақыты шектеліп, мазмұны дұрыс таңдалса, оның пайдасы болуы мүмкін.

Бұл жерде ата-аналар мен мұғалімдердің рөлі ерекше. Олар балаларға ойын мәдениетін қалыптастырып, уақытты дұрыс жоспарлауға көмектесуі тиіс.

FOMO: өмірден қалып қою қорқынышы 

Әлеуметтік желілер біздің бұрынғы тыныш әрі шынайы өмірімізді өзгертіп, оны біртіндеп жасанды әрі мазасыз кеңістікке айналдырды.

Әртүрлі жастағы желі қолданушылары күн сайын өзінің жақсы әрі бақытты өмірін көрсету үшін жарысады. Бірақ экрандағы «бақытты өмірдің» ар жағында мүлде басқа шындық жатуы мүмкін. Біреудің әлеуметтік желідегі парақшасын ақтарып шығып, соңында өзін бақытсыз сезінетіндер аз емес.

Жарон Ланьенің пайымдауынша, мұндай сезім нақты мақсаты жоқ, соңы көрінбейтін жарыстың салдарынан туындайды.

«Сен біреудің жариялаған жазбасына пікір айтып, оны сынап-мінейсің. Дәл сол сияқты сені де біреулер айыптап, кінәлап, өз пікірін жазады. Бұл жарыстан бас тартудың өзі қиынға соғады. Өйткені адамның миы оның ойымен сәйкестікте жұмыс істеп, белгілі бір жағдайда қысым мен күйзеліске ұшыратады. Басқа біреудің мол табысқа, зор жетістікке жетуі бір жағынан қызғаныш туғызса, екінші жағынан адам өзін әлеуметтік желіде жұрттың құрметіне бөленген әлдекіммен салыстырып, қайраңда шөгіп қалған қайықтай сезінуі мүмкін. Әлеуметтанушы ғалымдар мұндай бәсекеде алға озғандардың бәрін қуып жетуге ұмтылуды мағынасыз деп санайды. Мұндай жағдайда тығырықтан шығатын бір ғана жол бар – аккаунтты өшіру», – дейді ғалым.

Сонда ғана тыныштық орнап, «өмір өтіп барады» деген қорқыныштан арылуға болады. Енді қызықты сәтті өткізіп алуға деген қорқыныш – ағылшын тіліндегі FOMO ұғымына тоқталайық.

Адам өзіне қажет болмаса да, жеңілдікпен ұсынылған тауарды сатып алуға немесе ыңғайсыз уақытта смартфонға келген хабарламаны дереу ашуға бейім. Заманауи психологияда мұндай күй FOMO – Fear of Missing Out, яғни маңызды немесе қызықты бір мүмкіндікті өткізіп алудан қорқу деп аталады.

Маңызды кездесуге бара алмай қалған сәттегі психологиялық күйіңізді елестетіңіз. Ол әлеуметтік желідегі жаңа тренд, тиімді инвестиция, мансаптық өсуге берілген мүмкіндік, достардың бас қосуы немесе өзге де қызықты оқиға болуы мүмкін.

Көп ұзамай әлеуметтік желіде сол оқиғаға қатысқан адамдардың суреттері мен жазбалары жариялана бастайды. Сіз көрмеген, сіз қатыспаған қызықтың бәрі экраннан алдыңызға шығады. Сол сәтте өкініш пен күйініш күшейе түседі.

Әсіресе әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын адам үшін бұл ауыр психологиялық соққы болуы мүмкін. Оның жасқа қатысы жоқ.

FOMO көбіне басқа адамдардың пікіріне тәуелді жандардан, сондай-ақ табысты сапамен емес, санмен өлшейтін адамдардан анық байқалады. Мұндай жағдайда әлеуметтік желі «айналаңдағы адамдардың бәрі сенен жақсы өмір сүріп жатыр, сондықтан сен де кез келген мүмкіндікті жібермей, дереу әрекет етуің керек» деген иллюзия қалыптастырады.

FOMO синдромы алғашында пайдалы болып көрінуі мүмкін. Ол адамға күш-қуат беріп, тез шешім қабылдауға итермелейтіндей әсер қалдырады. Бірақ сол белсенділіктің ар жағында адреналиннің шамадан тыс көтерілуі мен үздіксіз күйзеліс жатады.

Жоспарға шамадан тыс көп жоба енгізу, қажетсіз курсқа жазылу, тек адам санын көбейту үшін пайдасыз жиынға бару, кейін соның бәріне үлгермей, өзіңді кінәлі сезіну және ақыр соңында шаршаңқы күйге түсу – осының бәрі бір тізбектің буындары.

Ұзақ уақыт осындай күйде жүрген адам апатия мен үрейге бой алдырып, дұрыс ойлау және байыппен шешім қабылдау қабілетінен айырылуы мүмкін. Ол жақындарынан алыстап, түрлі депрессиялық күйді бастан кешіреді.

Міне, әлеуметтік желінің қаупі де осында. Ол адамның уақытын ғана ұрламайды. Оның танымына ықпал етіп, дүниені қабылдау жүйесін өзгертіп, денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, рухани әлемін де әлсіретуі мүмкін.

Баланы зиянды контенттен қорғауға кім дайын?

Осы мақаланы жазып отырғанымда жаңалықтар таспасынан «Еуроодақ кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу қоюы мүмкін» деген ақпарат көзіме түсті.

13 шілдеде Брюссельде ЕО сарапшылар тобының атынан баяндама жасаған Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен осы мәселе жөнінде мәлімдеме жасады.

Құжатта сарапшылар 13 жасқа толмаған балаларға ата-анасының бақылауынсыз әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салуды ұсынған. Бұған дейін мамандар бір жыл бойы әлеуметтік желілердің балалар мен жасөспірімдерге кері ықпалымен күрес тәсілдерін талқылап, талдау жүргізген.

Сарапшылардың пікірінше, егер онлайн-сервистер балаларды тәуелділіктен, зорлық-зомбылық пен жеккөрушілікке толы контенттен қорғай алмаса, жасы үлкен жасөспірімдерге де қосымша шектеу енгізу қажет.

Еуропаның бірқатар елі ұлттық заңнамасына өзгеріс енгізіп, мұндай шектеулерді бұған дейін де қолдана бастаған. Олардың арасында Ұлыбритания, Франция, Испания және басқа мемлекеттер бар. Балалар мен 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу енгізген Ұлыбритания үкіметі мектептер мен жергілікті қауымдастықтарда түрлі үйірмелер мен спорт секцияларын көбейткен.

Биыл 1 қыркүйектен бастап Францияда 15 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге кіруіне тыйым салатын заң күшіне енбек. Франция бұған дейін 11-15 жастағы балалардың коллежде ұялы телефон пайдалануына шектеу қойған елдердің бірі.

2026 жылғы 1 шілдеде Әзербайжан үкіметі де заңнамаға өзгеріс енгізіп, 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салатын норманы іске қосты.

Әлем балаларды әлеуметтік желінің ықпалынан қорғаудың жолын заң деңгейінде іздей бастады. Өйткені мәселе енді баланың экран алдында қанша уақыт өткізетінінде ғана емес. Мәселе – сол экранның ар жағында оның санасын кім және қандай алгоритм қалыптастырып жатқанында.

Ал Қазақстанда бұл мәселе қашан шындап қолға алынады?

Төлен ТІЛЕУБАЙ