homepage
© REUTERS / Claudia Greco

Әлем чемпионаты кезінде Ламин Ямальдің үйін ұрылар тонамақ болған

15.07.2026, 18:21

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жартылай финалы кезінде Испания құрамасының шабуылшысы Ламин Ямальдің Барселона маңындағы үйін тонап кете жаздаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Euronews хабарлауынша, оқиға Испания мен Франция арасындағы жартылай финалдық матч өтіп жатқан сәтте болған. Сол кезде Ламин Ямаль ұлттық құрамамен бірге алаңда өнер көрсетіп жатқан.

Мәліметке сәйкес, екі күдікті Барселонаға жақын орналасқан Эсплугес-де-Льобрегат қаласындағы футболшының үйінің қоршауынан секіріп өткен. Алайда оларды бейнебақылау камералары арқылы жеке күзет қызметі дер кезінде байқап қалған.

Күзетшілер бірден полицияға хабар берген. Өздерінің бақылауға алынғанын аңғарған күдіктілер құқық қорғау органдары келгенге дейін оқиға орнынан қашып кеткен.

Қазір Каталония полициясы бейнебақылау жазбаларын зерттеп, күдіктілердің жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Басылымның мәліметінше, бұл оқиға соңғы уақытта осы тұрғын үй кешенінде болған бірнеше ұрлық фактісінен кейін тіркеліп отыр.

Сонымен қатар Еуропаның әртүрлі елдерінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың танымал футболшылардың үйлерін жиі нысанаға алуы құқық қорғау органдарының алаңдаушылығын күшейткен.