homepage
фото: ЖИ арқылы жасалды

Тағы реформа: БЖЗҚ-ны не күтіп тұр?

15.07.2026, 17:30

Қазақстанда зейнетақы реформасы туралы әңгіме қайта қыза түсті. Үкімет жүйені өзгертудің бірнеше нұсқасын қарастырып жатыр. Арнайы жұмыс тобының сүзгісінен өтіп жатқан жобалардың арасында Сингапур моделі де бар. Жаңа жүйе қазақстандықтарға не береді? Зейнетақы жинағын бұрынғыдай тұрғын үй мен емделуге жұмсауға бола ма? Ең бастысы – бүгін жиналып жатқан триллиондаған теңге ертең қазақстандықтарға лайықты зейнетақы төлеуге жете ме?

Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын (ЖМЗЖ) бөлудің жаңа моделін таңдауға дайындалып жатыр. Дәл осы тұста Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) жеткіліктілік шегін күрт көтерді. Оның үстіне, салымшылардың жинағы инфляцияның қарқынына ілесе алмай отыр.

Сырт қарағанда, мұның бәрі бір-бірімен байланысы жоқ шешімдер секілді. Бірақ түптеп келгенде, барлығы бір үлкен мәселеге тіреледі: қазіргі зейнетақы жүйесі алдағы ондаған жылда қазақстандықтарды лайықты зейнетақымен қамтамасыз ете ала ма?

Бұл – тек Үкімет пен сарапшылар талқылайтын мәселе емес. Бұл сұрақ бүгін жұмыс істеп, ай сайын табысының бір бөлігін БЖЗҚ-ға аударып отырған әрбір азаматқа тікелей қатысты.

Рас, қордағы ақша көбейіп келеді. Бүгінде БЖЗҚ активтері 25,9 трлн теңгеден асты. Бұл – Қазақстан экономикасындағы ең ірі қаржы ресурстарының бірі. Теория жүзінде мұндай көлемдегі қаражат ұзақмерзімді инвестициялар арқылы тұрақты табыс әкеліп, азаматтардың жинағын инфляциядан қорғауы тиіс. Бірақ соңғы көрсеткіштер бұл теорияның іс жүзінде әрдайым жұмыс істей бермейтінін көрсетті.

2025 жылдың қорытындысында Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық кірістілігі 7,43 пайыз болды. Ал сол кезеңдегі инфляция 12,3 пайызға жетті. Қарапайым тілмен айтқанда, қордағы ақша номиналды түрде көбейгенімен, оның сатып алу қабілеті төмендеді. Яғни, салымшының шотындағы теңге артқанымен, сол ақшаға сатып алуға болатын тауар мен қызмет көлемі азайды.

Кейінгі айларда теңгенің нығаюы салдарынан инвестициялық табыстың одан әрі әлсірегені де айтылды. Демек, мәселе қорда қанша триллион теңге жиналғанында ғана емес. Негізгі сұрақ – сол ақша қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатыр?

Зейнетақы ақшасы қайда инвестицияланып жатыр?

Қазіргі жүйе бойынша БЖЗҚ активтерінің басым бөлігін Ұлттық банк басқарады. Инвестициялық портфельдің едәуір бөлігі Қаржы министрлігі шығарған мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырылған.

Негізінен бұл – қалыпты халықаралық тәжірибе. Көптеген елде мемлекеттік облигациялар зейнетақы қорлары портфелінің сенімді бөлігі саналады. Бірақ Қазақстандағы басты ерекшелік – ішкі қаржы нарығының әлі де жеткілікті деңгейде дамымағанында болып тұр. 

Корпоративтік облигациялар мен сапалы жеке эмитенттердің саны шектеулі болғандықтан, зейнетақы активтері көбіне мемлекет шығарған қағаздарға бағытталады. Осыдан кейін заңды сұрақ туындайды: азаматтардың қарттығына жиналған ақша ең алдымен олардың болашақ табысы үшін жұмыс істеп жатыр ма, әлде мемлекеттің бүгінгі қаржылық қажеттіліктерін өтеуге жұмсалып отыр ма?

Сыншылардың уәжі осыған саяды. Мемлекет бюджет тапшылығын ішкі нарықтан қаржыландырады, ал зейнетақы активтері мемлекеттік бағалы қағаздарға салынады. Егер мұндай инвестицияның кірістілігі инфляциядан төмен болса, тәуекелді ақыр соңында салымшы көтереді. Өйткені оның шотындағы ақша сақталғанымен, нақты құны төмендеуі мүмкін.

Ұлттық банк бұл пікірмен келіспейді. Реттеушінің мәліметінше, инвестициялар нарықтық қағидаттарға сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бағалы қағаздарды тек БЖЗҚ емес, банктер, сақтандыру ұйымдары және басқа да инвесторлар сатып алады. Сонымен қатар Ұлттық банк зейнетақы активтерінің тиімділігін бір жылдың нәтижесімен емес, ұзақ мерзімді кезеңмен бағалау қажет екенін алға тартады.

Бұл уәждің де негізі бар. Зейнетақы жүйесі – бір жылдық емес, ондаған жылға есептелетін жүйе. Бірақ салымшының тағы бір сұрағы бар: ұзақ мерзімде оның жинағы инфляциядан озып, нақты табыс әкеле ме?

Пікірталастың түйіні де осында. Мәселе мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестиция салуға бола ма деген сұрақта емес. Мәселе – тәуекел мен табыстың арақатынасы қандай және осы инвестициялық саясаттың соңғы пайдасын салымшы көре ме?

Зейнетақы жүйесіндегі тағы бір назар аударарлық құбылыс – жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) нәтижесі. Елімізде олардың басқаруындағы қаражаттың үлесі өте аз болғанымен, кейінгі жылдары кейбірі Ұлттық банкке қарағанда жоғары инвестициялық кірістілік көрсете бастады.

Сарапшылар мұны бірнеше фактормен байланыстырады: портфель көлемінің шағындығы, валюталық әртараптандырудың жоғары болуы және шетелдік активтерге икемдірек инвестициялау мүмкіндігі. Соған қарамастан, БЖЗҚ активтерінің басым бөлігі әлі де мемлекеттік басқаруда қалып отыр.

Бұл да болашақ реформаның маңызды сұрақтарының біріне айналуы мүмкін: салымшы өз ақшасының қалай басқарылатынын таңдауға көбірек мүмкіндік алуы керек пе?

Ерте берілген зейнетақы: әлеуметтік шешімнің экономикалық салдары

2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға және емделуге пайдалану мүмкіндігі берілді. Бұл шешім көптеген отбасының баспана мәселесін шешуге, ипотекалық қарызын азайтуға немесе қымбат ем алуға мүмкіндік бергені сөзсіз.

Бірақ, кез келген әлеуметтік шешімнің экономикалық құны бар.

БЖЗҚ деректеріне сәйкес, бірнеше жылдың ішінде тұрғын үйге 4,6 трлн теңге, емделуге шамамен 1 трлн теңге жұмсалды. Яғни, қордан 5,6 трлн теңгеден астам қаражат шығарылды.

Бір жағынан, бұл қаржы – азаматтардың нақты әлеуметтік мәселесін шешіп берді. Екінші жағынан, ондаған жыл бойы инвестицияланып, болашақта табыс әкелуі тиіс триллиондаған теңге зейнетақы жүйесінен мерзімінен бұрын шықты.

Сондықтан биыл жеткіліктілік шегінің 79 пайызға дейін көтерілуі кездейсоқ шешім емес. Оның мақсаты – азаматтардың жинағын сақтап қалу. Бірақ, бұл шешімнің екінші жағы да бар: жеткіліктілік шегі көтерілгеннен кейін тұрғын үйге ақша ала алатын азаматтар саны шамамен 500 мыңнан 30 мың адамға дейін қысқарды.

Яғни, бірнеше жыл бұрын мемлекет азаматтарға «жинағыңның артығын бүгін пайдалан» десе, енді жүйе «бейнетіңнің зейнетін көр» деген қағидаға көшіп келеді.

Бұл жерде мемлекеттің алдында күрделі таңдау тұр. Азаматтың бүгінгі баспана мен емделу мәселесін шешу маңызды ма, әлде оның 20–30 жылдан кейінгі зейнетақысын қорғау маңызды ма? Екеуінің де жауабы оңай емес.

Үкімет тағы қандай реформа дайындап жатыр?

Зейнетақы реформасы төңірегіндегі талқылау тек жарна мөлшерін өзгерту мәселесімен шектелмейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрған жұмыс тобы әлемдегі бірнеше модельді зерттеп жатыр.

Соның ішінде ерекше назар аударылып отырған жүйелердің бірі – Сингапур моделі.

Оның басты ерекшелігі – азаматтың міндетті жинағы тек қарттыққа арналған ақша ретінде қарастырылмайды. Белгілі бір талаптар сақталған жағдайда қаражаттың бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, емделуге немесе инвестицияға пайдалануға мүмкіндік беріледі.

Яғни, азаматтың жинағы өмір бойы қол сұғуға болмайтын бір ғана «зейнетақы әмиянында» жатпайды. Қаражат бірнеше мақсатқа арналған жеке шоттарға бөлініп, адамның өмірлік қажеттіліктеріне қарай пайдаланылады.

Бұл жүйенің логикасы қарапайым: адамға ақша тек зейнетке шыққанда ғана керек емес. Баспананы да, білімді де, емді де азамат еңбекке қабілетті кезінде қажет етеді. Сондықтан, жинақ жүйесі адамның бүкіл өмірлік цикліне қызмет етуі тиіс.

Қазақстан үшін бұл модельдің тартымды көрінуі де сондықтан. Өйткені, елімізде зейнетақы жинағын тұрғын үй мен емделуге пайдалану тәжірибесі қоғам тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Алайда, қазіргі жүйеде мұндай мүмкіндік жеткіліктілік шегіне тәуелді. Ал, Сингапур моделі жинақты әр мақсатқа алдын ала бөліп, жүйенің өзіне енгізеді.

Бірақ бір елде сәтті жұмыс істеген модельді екінші елге сол күйінде көшіре салу мүмкін емес.

Сингапурдың зейнетақы жүйесі халықаралық тәжірибеде ең тиімді жүйелердің бірі саналғанымен, ол жоғары еңбек өнімділігіне, көлеңкелі экономиканың төмен үлесіне, тұрақты жұмыспен қамтуға және азаматтардың ұзақмерзімді жинақ мәдениетіне сүйенеді.

Қазақстандағы жағдай өзгеше. Еңбек нарығында бейресми жұмыспен қамтылғандар бар, табыс деңгейі әркелкі, ал көптеген азаматтың зейнетақы жинағының өзі жеткіліктілік шегіне жетпейді. Сондықтан Сингапур моделін Қазақстанға толық көшіру емес, оны жергілікті әлеуметтік-экономикалық жағдайға бейімдеу негізгі міндет болмақ. Әйтпесе жаңа жүйе жоғары табысы бар азаматтарға көбірек мүмкіндік беріп, табысы төмен топтардың жағдайын одан әрі қиындатуы мүмкін.

Жұмыс тобының отырысында сарапшылар осы мәселені де көтерді. Мұндай модель әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мүддесін толық ескере ала ма?

Бұл сұрақ әзірге жауапсыз.

Сондықтан министрлік түпкілікті шешім қабылданбағанын айтып отыр. Барлық ұсыныс әлеуметтік әділеттілік, қаржылық тұрақтылық және ұзақмерзімді салдары тұрғысынан бағаланбақ.

Бұдан бөлек, жұмыс тобы тағы екі бағытты талқылауда.

Біріншісі – «4+1» моделі. Бұл жүйеде жұмыс беруші төлейтін жарнаның төрт пайызы азаматтың жеке шотына, ал бір пайызы ортақ қорға аударылады.

Екіншісі – барлық қаражатты ортақ қорға жинап, кейін оны сақтандыру қағидатымен бөлу жүйесі.

Бұл екі модельдің айырмашылығы принципті. Біріншісінде азаматтың жеке жинағы сақталады, бірақ жүйеде белгілі бір деңгейде ортақ жауапкершілік пайда болады. Екіншісінде ұжымдық сақтандыру қағидаты күшейеді.

Министр Асқарбек Ертаевтың өзі «4+1» моделін қолдайтынын айтты. Үкімет жыл соңына дейін реформаның нақты нұсқасын заңнамалық деңгейде рәсімдеуді жоспарлап отыр.

Бұл өзгерістердің басты себебі – демография.

Қазақстан халқы қартайып келеді. Өмір сүру ұзақтығы артқан сайын зейнетақы жүйесіне түсетін жүктеме де көбейеді. Бір жағында – зейнеткерлер санының өсуі, екінші жағында – оларды қамтамасыз етуі тиіс жұмыс істейтін азаматтар.

Егер бұл арақатынас нашарлай берсе, қазіргі жүйенің қаржылық тұрақтылығын сақтау барған сайын қиындай түседі.

Қазақстанға қандай реформа қажет?

Шын мәнінде, бұл проблема Қазақстанға ғана тән емес. Еуропада да, Азияда да көптеген мемлекет зейнетақы жүйесін қайта қарап жатыр.

Мәселен, Испания егде жастағы адамдарға жартылай жұмыс істей отырып зейнетақы алу мүмкіндігін кеңейтті. Германияда жеңілдетілген жұмыспен қамту тетіктері енгізілген. Ал Сингапур жұмыс берушілерді жасы үлкен қызметкерлерді жұмыста қалдыру үшін қаржылай ынталандырады.

Бұл елдердің тәжірибесі бір нәрсені көрсетеді: адамдар ұзақ өмір сүре бастаған сайын мемлекеттер тек зейнетақыны қалай көбейтуді емес, егде жастағы азаматтардың еңбек нарығында қалай белсенді қалатынын да ойлауға мәжбүр.

Қазақстандағы бүгінгі пікірталас әзірге жарна мөлшерін өзгерту, ақшаны жеке және ортақ шоттарға бөлу немесе шетелдік модельді бейімдеу төңірегінде жүріп жатыр. Бірақ жүйенің ең маңызды мәселесі бұдан да тереңде болуы мүмкін.

Егер зейнетақы жинағы инфляциядан қорғалмаса, инвестициялық табыс тұрақты түрде төмен болса және азаматтардың басым бөлігінің жинағы жеткілікті деңгейге жетпесе, жарнаны қалай бөлгеніміз мәселені түбегейлі шеше алмайды. Жаңа формула әлсіз инвестициялық саясатты автоматты түрде тиімді етпейді.

Сондықтан сарапшылар ең алдымен инвестициялық басқарудың тиімділігін арттыру, капитал нарығын дамыту, инвестициялық құралдарды кеңейту және салымшылар үшін жүйенің ашықтығын күшейту қажеттігін айтып келеді.

Өйткені азамат ай сайын өз табысының бір бөлігін міндетті түрде зейнетақы жүйесіне аударса, оның сол ақшаның қайда салынғанын, қанша табыс әкелгенін және инфляциядан қаншалықты қорғалғанын түсінуге құқығы бар.

Зейнетақы реформасының түпкі мақсаты жаңа формула ойлап табу емес. Негізгі мақсат – адам қартайғанда оның жинағы қағаз жүзіндегі сан болып қалмай, нақты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуі.

Түйін

Қазақстан зейнетақы жүйесінің жаңа кезеңіне аяқ басты. БЖЗҚ активтері жыл сайын өсіп келеді. 25,9 трлн теңге – орасан зор қаржы. Бірақ зейнетақы жүйесінің табысы қорда қанша триллион теңге жатқанымен өлшенбеуі тиіс. Оның басты өлшемі – азаматтың қартайғанда қанша ақша алатыны және сол ақшаға лайықтыөмір сүре алатынында болып тұр. 

Егер инвестициялық кірістілік инфляциядан тұрақты түрде қалып қойса, демографиялық жүктеме күшейсе, ал азаматтардың басым бөлігі жеткілікті жинақ қалыптастыра алмаса, бүгін жасалған реформа бірнеше жылдан кейін тағы бір реформаны қажет етуі мүмкін.

Сингапур моделі Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік болуы ықтимал. Бірақ оның атауын көшіріп, бірнеше шот ашу мәселені өздігінен шешпейді. Кез келген модельдің тиімділігі сол шоттардағы ақшаның қалай жиналатынына, қалай басқарылатынына және қанша нақты табыс әкелетініне байланысты.

Сондықтан Қазақстан үшін зейнетақы жүйесін өзгерту – тек қаржылық немесе техникалық реформа емес. Бұл – мемлекеттің азамат алдындағы ұзақмерзімді жауапкершілігіне қатысты стратегиялық мәселе.

Өйткені әңгіме 25,9 трлн теңге туралы ғана емес. Әңгіме – бүгін жұмыс істеп жүрген миллиондаған адамның ертең бейнетінің зейнетін көре алуында болып тұр. 

Ұлағат Бекболат