homepage
фото: ашық дереккөз

Қашаған дауы: NCOC бес күн ішінде 2,3 трлн теңге айыппұл төлеуі тиіс

15.07.2026, 17:03

Қашаған кен орнын игеруші North Caspian Operating Company (NCOC) 2,3 триллион теңге көлеміндегі экологиялық айыппұлды 20 шілдеге дейін төлеуі тиіс. Егер компания белгіленген мерзімде талапты орындамаса, Қазақстан заң аясында мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануы мүмкін.

Әділет вице-министрі Даниель Ваисовтың айтуынша, Қашаған жобасының алты шетелдік қатысушысы Қазақстанның мемлекеттік органдарының әрекеттерімен келіспей, Вашингтондағы Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа (ICSID) жүгінген. Шілде айының соңына дейін арбитрлар айқындалуы тиіс.

Дау 2022 жылы Қашаған кен орнында жүргізілген экологиялық тексеруден кейін басталды. Экологтар NCOC белгіленген лимиттен шамамен 1,2 миллион тонна артық күкірт сақтағанын анықтап, компанияға 2,3 триллион теңге айыппұл салған болатын. 

Содан бері іс бірнеше сот сатысынан өтті. Қазір дау Қазақстандағы апелляциялық сотта және халықаралық арбитражда қатар қаралып жатыр.

NCOC консорциумына «ҚазМұнайГаз», Eni, Shell, ExxonMobil, TotalEnergies, CNPC және INPEX кіреді. ICSID-ке «ҚазМұнайГаздан» басқа алты шетелдік қатысушы жүгінген.