homepage
Depositphotos.com

Қазақстандықтар қай банкке ақша салып жатыр

15.07.2026, 16:45

Қазақстандағы азаматтардың  банктерде жинаған салымдары бір айда 2,5%-ға өсті. Осы жылдың 1 маусымдағы жағдай бойынша жалпы сомасы 29,3 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде негізгі үлес (28,05 трлн теңге) елдегі ірі үздік 10 банкке тиесілі, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Ranking.kz сарапшыларының Ұлттық банк мәліметтеріне сүйеніп осындай талдау жасаған.

Ең ірі депозиттік қор қай банкте?

Қазақстандықтардың ең көп ақшасы сақталған елдегі алып банктерде де мамыр айында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Олардың өсімі тұрақты әрі қалыпты деңгейде сақталып тұр:

  • Halyk Bank: Мамыр айында депозит көлемі небәрі 1,4%-ға ғана артты. Дегенмен бұл банкте халықтың жинаған қаражаты бәрібір де ең көп.  Жалпы сомасы 7,87 триллион теңгені құрап, ел бойынша көш бастап тұр.
  • Отбасы банк: Елдегі баспана жинағына жауапты бұл банктің көрсеткіші бір айда 1,6%-ға өсіп, салымшылардың жалпы портфелі 3,35 триллион теңгеге жетті.

Депозит өсімі бойынша үздік үштік

Мамыр айында халық өз жинақтарын ең белсенді түрде салған банктердің басында Bank RBK тұр. Бір айдың ішінде мұндағы салымдар бірден 9,2%-ға өсіп, жалпы көлемі 855,8 миллиард теңгеге жетті. Бұл банк тек бір айда ғана емес, бір жылдық көрсеткіш бойынша да рекорд орнатты. Өткен жылмен салыстырғанда депозиттер көлемі 43,1%-ға көбейген.

Екінші орында тұрған Freedom Bank. Мұндағы салымдар бір айда 5,4%-ға артып, жалпы сомасы 943,6 миллиард теңгені құрады.

Үздік үштікті түйіндеген - Банк ЦентрКредит.  Қаржы ұйымында айлық өсім 3,8% болды, ал депозиттердің жалпы көлемі 3,59 триллион теңгеге жуықтады.

Басқа ірі банктердегі жағдай қандай?

Елдегі өзге де танымал ірі банктерде салымдардың өсу қарқыны сәл баяу болса да, тұрақтылығын жоғалтқан жоқ:

  • Еуразиялық Банк: Депозиттер бір айда 3%-ға өсті (жалпы көлемі — 1,09 трлн теңге). Дегенмен, бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда салымдар көлемі 3,3%-ға азайған.
  • Kaspi Bank: Адамдардың ең көп пайдаланатын банкіндегі салымдар мамырда 2,7%-ға артты. Қазір мұнда халықтың 7,32 триллион теңгесі сақтаулы тұр.
  • Alatau City Bank: Бір айлық өсім — 2,4% (жалпы көлемі — 715,2 млрд теңге). Алайда, бұл банктің де жылдық көрсеткіші өткен жылдың мамырымен салыстырғанда 7,9%-ға төмен.
  • ForteBank: Салымдар көлемі бір айда 2,1%-ға көбейіп, жалпы портфелі 1,44 триллион теңгеге жетті.

Ақшасы азайған жалғыз банк

Елдегі ең ірі 10 банктің ішінде мамыр айында депозит көлемі төмендеген жалғыз қаржы ұйымы Bereke Bank болды.

Бір ай ішінде бұл банктегі халық жинағы 0,2%-ға азайып, 877 миллиард теңгені құрады.

Дегенмен бұл уақытша құбылыс болуы мүмкін, өйткені жылдық көрсеткішке қарасақ, жағдай жақсы — өткен жылдың мамырымен салыстырғанда банктегі салымдар көлемі бәрібір де 18,3%-ға өскен.