2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының екінші финалисі бүгін түнде анықталады. АҚШ-тың Атланта қаласында Англия мен Аргентина құрамалары жартылай финалда кездеседі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жеңіске жеткен команда турнирдің финалында Испания құрамасымен кездеседі.
Еске салайық, алғашқы жартылай финалда Испания Францияны жеңіп, шешуші матчқа жолдама алған болатын.
Матч қашан өтеді?
Қазақстан уақытымен ойын 16 шілдеге қараған түні сағат 00:00-де басталады.
Кездесу Атлантадағы Mercedes-Benz Stadium стадионында өтеді.
Матчтың тікелей трансляциясын Qazsport және Qazaqstan телеарналары көрсетеді.
Қос құраманың жетістігі
Аргентина құрамасы – әлем чемпионатының қазіргі жеңімпазы. Лионель Месси бастаған команда 2022 жылы Катарда өткен мундиалда Францияны пенальти сериясында жеңіп, тарихындағы үшінші әлем чемпиондығын жеңіп алған еді.
Ал Англия құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатында ширек финалда жарыс жолынан шықты.
Финалда Испания күтіп тұр
Бұл кездесудің жеңімпазы әлем чемпионатының финалында Испаниямен алтын жүлдені сарапқа салады. Ал жеңілген команда Франциямен үшінші орын үшін матч өткізеді.
Футбол жанкүйерлері асыға күткен Англия – Аргентина текетіресі екі құраманың тарихи бәсекелестігін ескерсек, турнирдегі ең тартысты ойындардың бірі болмақ.