Қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметті енді eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн ала алады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлауынша, аталған сервис мемлекеттік органдарға бармай-ақ азаматтың тіркелген мекенжайы туралы мәліметті электронды форматта алуға мүмкіндік береді. Егер мәліметті үшінші тұлға сұратса, ол азаматтың келісімі расталғаннан кейін ғана ұсынылады.
Қызметті қалай алуға болады?
Қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Үшінші тұлғалардың тұрғылықты жерінен мекенжай мәліметтерін алу сервисі» қызметін таңдау қажет.
Одан кейін азаматтың ЖСН-і енгізіліп, сұрау қолжетімді электрондық қол қою тәсілдерінің бірі арқылы расталады.
Азамат өз келісімін бергеннен кейін тіркелген мекенжай туралы мәліметтер пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Айта кетейік, Қазақстанда 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап мекенжай анықтамалары берілмейді. Сондықтан тұрғылықты жер бойынша тіркелгені туралы мәлімет қажет болған жағдайда осы электрондық сервисті пайдалануға болады.
Жалдамалы пәтерде тұратындар тіркелуі тиіс
Еске салайық, жалдамалы пәтерде немесе үйде 10 күннен астам уақыт тұратын азаматтар уақытша тіркеуден өтуге міндетті.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, мұндай жағдайда тұрғындарды тіркеу міндеті жалға берушіге жүктеледі.
Жалға беруші ретінде тұрғын үй иесі, оның өкілі немесе тұрғын үйді жалға алып, оны қосалқы жалға беретін азамат та әрекет ете алады. Бұл талап 2017 жылдан бері қолданыста.
Тіркеу талаптарын сақтамағандарға айыппұл қарастырылған
Уақытша тіркеуді рәсімдемеген жалға берушілерге әкімшілік жауапкершілік көзделген. Алғаш рет талапты бұзған жағдайда 10 АЕК (43 250 теңге), бір жыл ішінде қайталанса 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Ал тіркеусіз тұратын азаматтарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабына сәйкес алғаш рет 7 АЕК (30 275 теңге), қайталанған жағдайда 13 АЕК (56 225 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.