homepage
фото: ашық дереккөз

Қазақстандықтар темекіні аз тартатын болды

15.07.2026, 13:42

Қазақстанда темекі тұтынатындардың саны азайып келеді. Ұлттық статистика бюросы ересек жастағы қазақстандықтар арасында зерттеу жүргізіп, осындай қорытынды шығарды. Мысалы, биыл сауалнамаға қатысқандардың 15,1% темекі өнімдерін тұтынатынын айтқан. Былтыр бұл көрсеткіш 17,5% болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz  Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Статистикаға сәйкес, ауыл тұрғындары қала тұрғындарына қарағанда темекіні көбірек тұтынады. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 17,8% болса, қалаларда – 14%.

Ерлер арасында темекі тұтынатындардың үлесі айтарлықтай жоғары: ерлердің 30,5%-ы темекі шегеді. Ал әйелдер арасында бұл көрсеткіш – 4,9%.

Темекі тұтынушылардың басым бөлігі – 98,6%-ы кәдімгі сигарет шегеді. Электронды сигаретті пайдаланатындардың үлесі – 0,4%, темекіні қыздыру жүйелерін қолданатындар – 0,9%. Тағы 0,1%-ы темекі өнімдерінің басқа түрлерін тұтынады.

Зерттеу Қазақстанның барлық облысында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізілген. Сауалнамаға 12 мың үй шаруашылығынан 15 жастан асқан бір-бір адам қатысқан.