homepage
Depositphotos.com

Қазына 730 млрд теңгеден қағылды

15.07.2026, 12:28

2025 жылы республикалық бюджетке жоспарланған салық түсімдері толық орындалмай, қазынаға 730 млрд теңге түспеген. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның салықтық және кедендік әкімшілендіру тиімділігіне жүргізген мемлекеттік аудитінің қорытындысында айтылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жоғары аудиторлық палата 2025 жылғы салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижесін жариялады. Тексеру барысында республикалық бюджетке түсетін салық көлемі жоспардан 730 млрд теңгеге немесе 4,8 пайызға кем орындалғаны анықталған.

Аудиторлардың мәліметінше, бұған басты себептердің бірі – салық түсімдері бойынша болжамның 1,3 трлн теңгеге артық жоспарлануы.

Сонымен қатар аудит соңғы төрт жылда қосымша есептелген салықтарға қатысты даулы істердің жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілгенін көрсетті. Бұған салық заңнамасының талаптарын сақтамау және тексеру актілерін рәсімдеу кезінде жіберілген қателіктер себеп болған. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата салықтық тексерулердің сапасына бақылауды күшейтуді ұсынды.

Кедендік бақылау барысында да бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, тек электр көліктеріне арналған жеңілдіктердің гибридті автокөліктерге де заңсыз қолданылғаны белгілі болды. Соның салдарынан бюджетке кемінде 70 млн теңге түспеген.

Бұдан бөлек, сыртқы экономикалық қызметке қатысатын 34 компания импорт кезінде қосылған құн салығын заңсыз есепке жатқызу әдісімен төлеген. Соның нәтижесінде мемлекет қазынасына импорттық ҚҚС бойынша 670 млн теңгеден астам қаражат түспеген.

Аудит сондай-ақ уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне бақылау жеткіліксіз екенін көрсетті. Соның салдарынан кейбір компаниялар жеңілдіктерді пайдалану құқығынан айырылуға негіз болғанына қарамастан, бұрынғы артықшылықтарын қолдануды жалғастырған.

Сонымен бірге аяқ киімді міндетті таңбалау жүйесінің салық түсімдерін арттырудағы мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғаны және Мемлекеттік кірістер комитетіне мемлекеттік қызметтердің есебін жүргізу мен олардың сапасын бақылауды жетілдіру қажет екені атап өтілді.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша 2,7 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылық, 33 рәсімдік заңбұзушылық және 11 жүйелі кемшілік анықталған. Жоғары аудиторлық палата анықталған олқылықтарды жою үшін тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар беріп, олардың орындалуын бақылауға алған.